Меценаттар Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы жастар саябағында жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші ашылды. Бюст «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде меценат қаржысына жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы қуанышпен көпшілікті облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады. Шара әнші Қайрат Бектұрсынның орындауындағы Жамбылдың «Ақындарға арнау» атты термесімен ашылды.



«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», - деген еді. Осы бағдарлама аясында қолға алынған игі істердің бірі бүгінгі шара деп біліңіздер. Ескерткіш - елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Ендеше, ескерткіш қойылған сол тұлғаның өзі халықтың мұрасына айналды деген сөз. Осындай игі шараны қолға алып, белсенділік танытқан, жеке қаражатын бөлген  жергілікті азаматтарға көпшіліктің атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ұлы тұлғаға ескерткіш орнату ерекше азаматтық іс деп білемін», - деді Ж. Омар өз құттықтауында.

Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп, жас ақын Жамбыл Дүйсенов жырауға арнаған өз өлеңін оқыды. Ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды.

Бюстті жасауға меценаттардың 4,6 млн теңге қаржысы жұмсалды. Ескерткіш авторы - Нұрғалым Исабаев. Бюст қоладан құйылған, постаменті - мәрмәрдан, биіктігі - 5 метр. Ауласы абаттандырылған, тянь-шань шыршалары отырғызылып, гүлзар жасалған.

Соңғы жаңалықтар