Мәжілісте 12 министр баяндама жасайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 министрдің 12-і осы сессияның соңына дейін Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Осыдан бір апта бұрын Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау ел дамуындағы жаңа тарихи дәуірді бастайтын болады. Себебі, Қазақстанымыз Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму жолына қадам басты», - деді Мәжіліс Төрағасы.

Нұрлан Нығматулин өз сөзінде, Президент нақты белгілеп берген 10 бағыт біздің заманға сай болуы үшін жаңа мүмкіндіктер мен табыстарға жол ашары сөзсіз екенін айтты. Жыл басынан бері  Мәжіліс депутаттары 400 елді мекенді аралап мың жарымға жуық кездесу өткізген.

«Халықпен кездесулер бізге біздің сайлаушыларды мазалайтын мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді. Елбасы Жолдауында венчурлық қаржыландыру, табиғи монополияларды реттеу, экологиялық кодекс, денсаулық туралы заңнамаларды жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берілген. Біз сонымен бірге жеке тұлғалардың банкрот болуы, еңбектің электрондық биржасы, бизнес-климатты жақсарту бағыттарында жаңа заңдарды қабылдауымыз керек», - дейді ол.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы коммерциялық емес ұйымдардың жұмысы, сақтандыру, агроөнеркәсіптік кешен мен бірқатар заңнамалар бойынша жұмыс жүргізу маңыздылығына тоқталды.

«Осы сессияның соңына дейін Үкіметтік сағат аясында 16 министрдің 12-і ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық тақырыптары бойынша Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасайды. Жұмыспен қамтудың мәселелері мен даму келешегі тақырыбында парламенттік тыңдау өткізіледі. Осылайша, Мәжілістің басты жұмысы - бұрынғыдай Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарының заңнамалық тұрғыда қолдау болып қала береді», - деді Нұрлан Нығматулин.

Соңғы жаңалықтар