Мәжілісмендер жер қатынастарын реттеу заңнамасындағы өзгерістерді Петропавлда талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 қыркүйек күні Солтүстік Қазақстан облысында жер заңнамасының өзекті мәселелеріне арналған ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Петропавл қаласында өткен шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев пен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының жер қатынастары саласындағы өкілдері қатысты.

Комитеттің көшпелі отырысында Жер реформасы жөніндегі Комиссия қызметінің қорытындысы бойынша әзірленген және қазіргі уақытта Парламенттің қарауындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізі туралы» заң жобасының нормалары талқыланды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қорғауға және тиімді пайдалануға бақылауды күшейту, жалға алушылардың жауапкершілігін арттыру, жер берудің, конкурс өткізудің өзекті мәселелері жан-жакты талқыланды. Бұдан басқа, пайдаланылмайтын және ұтымды пайдаланылмайтын немесе нысаналы емес мақсатта пайдаланылатын жерді түгендеу бойынша, жердің тозуына қарсы іс шараларды жандандыру, ауыл тұрғындарын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарға алынды.

Көшпелі отырыс барысында депутаттар «Базис Қызылжар» ЖШС, «Петерфельд Агро» ЖШС және «Фирма Алекри» ЖШС сияқты ауыл шаруашылық құрылымдарын аралап, олардың қызметі мен өндірісте қолданылатын технологияларымен танысты.

Іс-шараның қорытындылары бойынша отырысқа қатысушылар аталған заң жобасымен жұмысты ұсыныс пен ескертпелерді ескере отырып жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар