Мәжілісмен күмәнді дәрі-дәрмектердің «қара тізімін» жасауды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресми медицина ақпарат кеңістігінде алаяқтарға есе жіберіп отыр. Мұндай ойын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сауал жолдаған депутат Тұрғын Сыздықов білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әлеуметтік желілерде көптеген ауруларды демде жазатын жаңа препараттар туралы жарнама толып тұр. Отандық және әлемдік медицинадағы танымал тұлғалардың ой-пікірлерімен нықтала түскен жарнамалар оларды теңдесі жоқ, супертиімді препарат ретінде көрсетеді», - деп атап өтті Тұрғын Сыздықов.

Мәжілісмен Президент ұлт денсаулығын қалыптастыруда азаматтардың өз-өзіне баға беруін және азаматтардың қоғамдағы рөлін ақпараттандыруды жақсарту және салауатты өмір салтының тиімділігін арттыру  арқылы тапсырғанын еске салды. Сондықтан, бұл проблемаға мән беру қажет. Ресми медицина мен БАҚ-тың беделді пікірі мәселені біржақты етуде шешуші рөл атқаруы тиіс.

Тұрғын Сыздықов Қазақстанның ресми медицинасы ақпараттық кеңістіктің ауқымды бөлігін күмәнді жарнама берушілер мен емшілерге беріп қойғанын айтады. Ал олардың арасында алаяқтар көп.  Бұл ретсіздік өз кезегінде ресми медицинаны белгілі бір мөлшерде ысырып отыр. Депутат ресми медицина өкілдерінің бұл ахуалға сабырмен қарап отырғанын да түсінбейтінін білдірді.

Халық қалаулысы Денсаулық сақтау министрлігі мұндай жарнамаларға қалай қарайтынын, жарнамадағы препараттар сапасының талапқа сай келу-келмеуін сұрады. Сондай-ақ ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, БАҚ туралы заңнаманы сақтау, қате жарнама үшін жауапкершілікке тарту жұмыстары ведомствоаралық тұрғыда қалай үйлестіріліп жатқандығына қатысты сауалдар легі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына жолданды.

Депутаттың пікірінше, адамдардың денсаулығына қауіпті деген препараттардың «қара тізімін» құруға болады. Сонымен бірге, мәжілісмен дәрі-дәрмектердің сатылуында тәртіп орнату үшін Денсаулық сақтау министрлігі қандай шараларды қолға алғанын білгісі келеді.

Соңғы жаңалықтар