Мәжілісмен кітапханашылардың айлығын көтеруді сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлан Дулатбеков еліміздегі кітапхана жүйесінің ең өзекті мәселерін атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Парламент Мәжілісінің депутаты Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

«Мен кітапхана жүйесіне назар аударуды сұраймын. Кітапханашы деген білім нәрін сіңірген, энциклопедияларды білетін кәсіби маман. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін іздеген білімін кітапханадан табады. Бүгінгі таңда кітапханашының айлығы еліміздегі ең төменгі еңбекақы екені белгілі. Олардың айлығы дәрігерлер мен мұғалімдердің алатын ақшасынан төмен. Бірақ кітапханашының қоғам алдындағы міндетінің маңызы білім саласы мен денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірдей екенін атап өту керек. Осыған байланысты, кітапханашылардың айлық мәселесі өте өткір мәселе күйінде қалып отыр. Әсіресе аудандар мен ауылдардағы кітапханашылардың айлығын ойлаған жөн», - дейді ол.

Мәжілісмен кітапхана жұмысындағы мәселе мұнымен шектеліп қалмайтынын атап айтты.

«Кітаптарды сатып алу бойынша жеткілікті қаражаттың бөлінбеуі, Қазақстанда басылып жатқан кітаптар туралы ақпараттың жоқтығы, білім салалары бойынша мемлекеттік тілдегі кітаптардың аз басылуын атап өтуге болады. Облыстардың барлығында балалар мен жастарға толыққанды қызмет көрсететін кітапханалар көп емес. Әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар туындылары бойынша кітапханаға барушылардың сұранысы қанағаттандырыла бермейді. Кітапханалардың интернетке қол жетімділігі де мәз емес. Бүкіл еліміздегі кітапханалардың 38 пайызында ғана интернет бар. Тек 179 кітапхананың жеке сайты бар. Бұл мәселелердің шешілуі кітапхананың мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруда маңыздылығын сақтап қалар еді», - дейді Нұрлан Дулатбеков.

Депутат Ерболат Досаевтан мемлекеттік органдардың барлығын жұмылдырып, кітапхананың имиджін қайтару үшін бірқатар шаралар легін қолға алуды сұрады.

Соңғы жаңалықтар