Мәжілісмен индустриялық аймақтарға бөлінетін қаражатты қатаң бақылауды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустриялық аймақтар құрылысына бағытталатын бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне қатаң бақылау жасау керек. 

Мұндай ұсынысты бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құру және экспортқа бағытталған өнім шығару үшін 10 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. 2000-2016 жылдар кезеңінде  арнайы экономикалық аймақтар құруға және олардың инфрақұрылымын салуға 265 млрд. теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Бұған қоса, арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар үшін  жеңілдіктер мен преференциялар көзделген. Мәселен, Қаржы министрлігінің деректері бойынша, бизнес субъектілеріне  арнайы экономикалық аймаққа қатысушыларға берілген жеңілдіктер мен преференциялар есебінен бюджет шығыны  2016 жылы 55,6 млрд.теңгені құрады. Алайда, арнайы экономикалық аймақтарға тіркелген 307 қатысушының ішінде 2016 жылы 94 кәсіпорын жеке табыс салығы бойынша «нөлдік» есептілік тапсырған. Қалған 213 кәсіпорын бюджетке небәрі 3,9 млрд. теңге жеке табыс салығын және 13,5 млрд. теңге корпоративтік табыс салығын төлеген», - деп атап өтті Сабильянов.

Демек, депутаттың айтуынша, салынған қаражаттың қайтарымы болмаған және арнайы экономикалық аймақтарды құрудан мультипликативтік әсерге әзір қол жеткізілмеген. Сондықтан уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақтың толықтырылуын және оған инвесторларды тартуды қамтамасыз етуге тиіс.

«Осыған байланысты, индустриялық аймақтар құрылысына бағытталатын бюджет қаражатын да пайдалану тиімділігіне қатаң бақылау жасау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында қолданыстағы салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру маңызды. Салықтық жеңілдіктер жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан,  ішкі нарықты толтыру әрі  елдің экспорттық әлеуетін ұлғайту үшін бәсекеге қабілетті өнім шығарылатын салаларға берілуге тиіс», - деді ол. 

Соңғы жаңалықтар