Мәжілісмен АШМ даму көрсеткішіне күмән келтірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Роман Ким ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген даму көрсеткіштеріне күмән келтірді. Депутат министрлік келтірген мәліметтердің қағаз жүзіндегі көрсеткіштерінің түсініксіздігін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еліміздегі жайылым жерлердің ахуалы талқыланған «Нұр Отан» партиясының комиссия отырысында Роман Ким ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Ерлан Нысанбавқа сұрақ қойды. Оның айтуынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша бөлінетін қаржы қысқарған, ал елдегі жайылымдардың жағдайы да мәз емес.

«Жалпы, үй құлап бара жатса, есті адам іргетасты күшейтеді емес пе?! Ал біз қабырғаны бояймыз кеп. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 27 млн гектар жайылым жерді құртып алдық. Бұл - елді мекендердің маңындағы жердің ең шұрайлысы еді. Ауылдан 20 шақырымдағы жайылымға ешкім қызықпайды. Жеріміздің 30 пайызы құнарын жоғалтты. Ауыл шаруашылығына тиесілі жерлер жыл санап тозып барады. Ресми деректерге сүйенсек, біз 1 гектар жерге 4 келі тыңайтқыштан келеді. Ал АШМ-нің Даму картасындағы көрсеткішке қарағанда, өнім шығымы еселеп артқан. Бұған қоса «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша 3,2 трлн теңге бөлінеді дегенмен тиісті қаржы азайып кетті. Осы жағдайларға қарамастан, егіннің шығымы да, ауыл шаруашылығының өнімділігі де артып барады. Бұл қалай болғаны?» - дейді Мәжіліс депутаты.

Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев кеңшарлар мен ұжымшарлар тарағалы қаншама суармалы жерлердің құртылғанын айтты.

«Сондықтан, біз кешенді түрде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің меншігінде тұрған 610 мың га суармалы жерді арттыруды көздеп отырмыз. Екіншіден, біз барлық өңірлер бойынша жыртылған, бірақ пайдаланылмай жатқан жерлерді тексеріп жатырмыз. Біз 1,9 млн га жерді айналымға енгізіп, әкімдіктермен жұмыс жүргіздік», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, барлық елді мекендерде қазіргі уақытта төрт түлік саны артып келеді. Жеке шаруашылықтардың малы өсіп келе жатқанын ескере отырып, министрлік өкілі шаруашылықпен кеңінен айналысатын фермерлердің мәртебесін белгілейтін уақыт келгенін жеткізді.

«Біз бүгінгі таңда жайылым бойынша өңірлер мен елді мекеннің нақты шекаралық сұрақтары бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ұжымдық қолданысқа тиесілі жерлердің бәрі жерге ие болу құқығы бойынша, яғни жеке адамға, Қазақстанның азаматтарына беріліп кеткен. Осы себепті, жеке шаруашылықтағы (ауыл тұрғындарының - авт) адамдардың ауыл маңында жайылымдары азайып қалған», - дейді ол.

Вице-министр сонымен бірге, министрлік бүгінгі күні заңнамалық тұрғыда жердің тиімді пайдаланылуы бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, мал және өсімдік шаруашылығы, егіншілік, тыңайтқыштар, көлік құрау, аграрлық техникаларды дамыту бойынша тиісті жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.

«Сондықтан, ауыл шаруашылығы дамымай жатыр деп айтпас едім. Қазақ «көш жүре түзелер» дейді. Алда жұмыс көп. Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жалғаса береді», - дейді Ерлан Нысанбаев.

Соңғы жаңалықтар