Мәжіліс жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аталған құжаттың мақсаты жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруда азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету үшін құқықтық шарттарды жасау болып табылады. Бұл ретте жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары (жиындары) арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде ауылдардың, кенттердің, аудандық маңызы бар қалалардың тұрғындарының рөлін арттыру көзделеді. Осы ретте ауыл тұрғындарының жиналыстарын, жиындарын қалыптастыру, өткізу және құзыретін реттеу, жиналыста жергілікті маңызы бар мәселелерді қаржыландыру жөніндегі мәселелерді міндетті түрде талқылау шаралары қарастырылады.

«Елбасы белгілеген тәртіппен мәслихат депутаттарының аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жөніндегі норманы енгізе отырып, әкімдерді сайлау кезіндегі мәслихаттардың рөлін арттыру қарастырылады. Бұдан бөлек, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде басқаруды кеңейту қаралады. Оның ішінде әкімдерге табыс көздерін қалыптастыру құқығы беріледі. Бұл ретте әкімдердің қарамағындағы мүлікті жалға беруден түсетін кірістер, ерікті алымдар, қайырымдылық және демеушілік жарналар, айыппұлдың жекелеген түрлері, сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлемдер, сонымен бірге, заңнамаға қайшы келмейтін өзге де түсімдерді әкімдердің өздеріне қалыптастыру құқығы беріледі»,- деді заң жобасы бойынша баяндаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуына қарағанда, жергілікті халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және қосымша табыс алу үшін ауылдық әкімдерге аудандық коммуналдық меншіктің бір бөлігін, атап айтқанда мәдениет үйлерін, кітапханаларды, балабақшаларды, спорт нысандарын беру қарастырылады.

Тұтастай алғанда заң жобасын қабылдау жиналыстар мен жиындар арқылы халықтың еркін білдіру бөлігінде азаматтардың конституциялық құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құжат аудандық (қалалық) мәслихаттар тарапынан аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтардың, ауылдық округтардың құрамына кірмейтін ауылдардың әкімдерін сайлауды қарастырады. Халықтың басқарушылық шешімдерін қабылдауға қатысу арқылы сапалы тұрғын үй коммуналдық қызметтерді алуға, санитарлық жағдайды, қоғамдық тәртіпті жақсартуға деген қызығушылығын арттыру қамтылады. Бұдан бөлек, жергілікті халық жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражаттарын пайдалану бойынша мониторинг жүргізуге қатысатын болады. Ал ондай жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі төменгі деңгейдегі әкімдердің дербестігі кезеңімен және біртіндеп нығайтылады.

Соңғы жаңалықтар