Мәжіліс Темірбековті Конституциялық Кеңес мүшесі етіп тағайындады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат   - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары ҚР Конституциялық Кеңестің мүшесі қызметіне Әлібек Темірбековті тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер,  ҚР Конституциясының 57 бабының 1 тармақшасына сәйкес, Парламенттің әр палатасы ҚР Конституциялық Кеңестің мүшесін қызметке тағайындайды және мүшелерді палата төрағасы ұсынады. Осыған байланысты Әлібек  Ақылбекұлы Темірбековтің кандидатурасын тағайындау үшін ұсынып отырмын»,-деп тоқталды Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс депутаттары Әлібек Ақылбекұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Ә. Темірбеков 1960 жылы 25 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Жаңа Хайрузов ауылында дүниеге келген.  С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1988) және аспирантурасын бітірген (1992). Құқықтанушы, заң ғылымдарының докторы (2006). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасындағы қылмысқа қарсы күрестің теориялық проблемалары». «Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы бойынша қылмыс құрамының субъективті белгілері» көмекші оқу құралының (2003), «Жаһандану жағдайындағы құқықтық шынайылық және қылмыс (теориялық-криминологиялық аспект)» ғылыми басылымының (2004), «Жаһанданудың әлеуметтік мәніндегі қылмыс: теориялық-криминологиялық зерттеу» монографиясының (2005) және т.б. авторы.

Соңғы жаңалықтар