Мәжіліс спикері мен Оңтүстік Корея Елшісі ЭКСПО-2017 өзектілігін атап өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Корей Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэсика Кимді қабылдады. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастың өзекті және парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Палата баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәжіліс спикері Корея Қазақстанның Шығыс Азиядағы стратегиялық маңызды серіктестерінің бірі екендігін айта келе, екі мемлекеттің қарым-қатынасындағы өзара саяси белсенділікті атап өтті.

Н. Нығматулиннің мәлімдеуінше, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың қарашасындағы Сеулге сапары жаңа стратегиялық серіктестіктің келешегіне жол ашты.

Өз кезегінде кореялық дипломат Елбасы Н. Назарбаевтың ел өркендеуіндегі сарабдал саясатын атап өтіп, корей диаспорасына деген ықыласына алғысын білдірді.

Ол Астанада өтіп жатқан ЭКСПО- 2017 маңызына, Оңтүстік Кореяның инновациялық мүмкіндіктеріне, сонымен қатар өндіріс саласына, электр энергиясын сақтау мен пайдалану, «жасыл» энергетика мен энергия көздерін жаңғырту мәселелеріне тоқталды.

Дэсик Ким корей Үкіметінің Астанадағы халықаралық көрмеге қызығушылығы жайын айтып, оның табысты өтетініне сенім білдірді. Әңгіме барысында ядролық қарусыздану мен оны таратпауға да назар аударылды.

Спикер мен Елші жүздесуде екі ел парламентаралық қатынастарды нығайту, Азия парламентаралық Ассамблеясы және Парламентаралық Одақ шеңберіндегі байланыстардың тиімділігін тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар