Мәжіліс республикалық бюджет жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісімін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осылайша, Парламент аталған құжатты қабылдады. Енді заң  Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

16 қарашада Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылады. Құжатқа өзгерістер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды .

Заң жобасын талқылау барысында Сенат комитеттерінен және жекелеген депутаттардан заң жобасына мемлекет тіршілігінің түрлі салаларына қатысты өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар келіп түскен болатын. Тұтастай алғанда 85,6 млрд теңге сомасына, оның ішінде 2018 жылы 22 млрд теңгеге ұсыныстар қолдау тапты. Осы ұсыныстарды қаржыландыру 2018 жылы Үкімет резервінің бастапқы жоспарланған сомасын 4,8 млрд теңгеге азайту және «Құрық» портындағы құрылысқа көзделген шығыстарды 16,9 млрд теңгеге кеміту, Ішкі істер министрлігінің 0,4 млрд теңге сомасындағы қаражатын қайта бөлу есебінен жүзеге асырылмақ. 2019-2020 жылдары жаңа бастамаларға шығыстар азайтылатын болады.

Өзгерістер бойынша ұсыныстар мына бағыттарды қаржыландыру мәселелерін көздейді: Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері мен гидрометеорологиялық қызметті материалдық-техникалық жарақтандыру; Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының экологиялық қолайсыз аудандарының тұрғындарына үстемақылар бойынша берешекті өтеу; еліміздің түрлі өңірлерінде денсаулық сақтау, спорт нысандарын салу; тұрғын үйлерді, сумен жабдықтау нысандарын, инженерлік желілерді және газбен жабдықтау желілерін салу; өзендердің суын молайту жұмыстарын жүргізу; қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшу жөніндегі іс-шараларды іске асыру мен өзге де жалпы мемлекеттік жұмыстар.

Соңғы жаңалықтар