Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 330.29
EUR 387.27
RUB 5.56
CNY 49.80

Мәжіліс құқық қорғау қызметін жаңғыртуға бағытталған заңнамалық түзетулерді мақұлдады

Мәжіліс құқық қорғау қызметін жаңғыртуға бағытталған заңнамалық түзетулерді мақұлдады
2017 жылғы 15 қараша 14:14 1732

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы Парламент Мәжілісіне Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілді. Құжат жобасында Қылмыстық-процестік кодекске, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» Заңдарға өзгерістер енгізу көзделген.

Аталған заң жобасы аясында баяндама жасаған Бас прокурор Жақып Асанов тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан жасалған еліміздегі қылмыстық ахуалды жақсарту  бойынша шараларға қысқаша тоқталды. «Жалпы алғанда заңдарды жетілдіру бұл тұрақты, тоқтамайтын процесс. Оны терең ойластырып, таразылап, кезең-кезеңімен жасаған дұрыс. Бұл ретте адам құқығы мен қылмыспен күрес арасындағы теңгерім бұзылмауы тиіс», - деп атап өтті Бас прокурор.

Ж. Асановтың пікірінше, заң жобасын екі блокқа бөлуге болады. Оның біріншісі адам құқығын қорғауды күшейтсе, ал екіншісі процесті үнемдеуге бағытталған. Адам құқығын күшейтудегі жаңалықтар - соттың санкциясынсыз азаматтарды ұстау мерзімін 72-ден 48 сағатқа, ал кәмелетке толмағандарды 24 сағатқа дейін қысқарту; экономикалық қылмыстар бойынша күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының негіздерін азайту; азаматтарға өздеріне қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабарлау міндеттілігі; адвокаттардың өтінішхат ұсыну мен дәлелдемелерді жинау бойынша құзыреттілігін кеңейту.

«Экономикалық қылмыс тергеліп жатса, тергеу кезінде ешкімді қамамауды ұсынамыз. Бұл енді бизнес жасап жүрген адамдар ғой. Олардың қоғамға деген, жеке адамға деген қаупі жоқ. Олар қайта бос жүрсе, өзінің бизнесін жалғастырып, адамдарға жұмыс орындарын сақтап қалады. Бірақ бұл жерде де бір ерекше жағдай бар, яғни ол жалған ақша жасау, рейдерлік жасау немесе ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысса, бұл тұрғыда экономикалық қылмыстарды бизнес деп айту қиын. Сондықтан оларды қамауға алу қажет деп есептейміз», - деп атап өтті Бас прокурор

Сонымен қатар Ж. Асанов тағы бір өзгерісті атап өтті. Осы орайда іс қандай фактімен тіркелсе, тергеушілер тергеуді тек соның аясында ғана жүргізуге міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда прокурор немесе сот мұндай істерді қысқартады. 

Қылмыстық процесті үнемдеуге бағытталған өзгерістер қатарына бұйрық өндірісі институтын енгізу мен істерді электрондық форматқа ауыстыруды атауға болады.

«Ең бастысы - цифрландыру адам құқығын қорғауды күшейтеді. Бүкіл процесс алақандағыдай айқын болады. Прокурорлық бақылау артады. Сыбайлас жемқорлық азаяды. ІТ жүйе тергеушінің, прокурор мен судьяның жұмысын анағұрлым жеңілдетеді», - деді Бас прокурор.

Қылмыстық істерді толықтай цифрлық форматқа көшіруді 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

«Әр мемлекет өзінің ішкі жағдайына қарап,  таразылап, кезең-кезеңмен заңнамаға өзгерістер енгізіп тұрады. Бүгінгі заң жобасы сондай кезекті қадам болып отыр. Оның басты ерекшелігі бар, яғни Елбасы біздің алдымызға үш мақсатты қойды. Біріншіден, қылмыстық-процестік кодекске қарапайым адамның көзімен қараңдар деді. Екіншіден, бізде қылмыстық процесс мемлекет үшін өте қымбат, яғни тергеушілер, прокурорлар, соттар, мыңдаған сараптамалар қамтылған, сондай-ақ атқару мерзімі тым ұзақ әрі күрделі. Президент осыған үнемдеу тұрғысынан қарауды және адамның құқығы бұзылмайтындай тиісті қадамдарды ескеруді жүктеді. Үшіншіден, бұл заң жобасымен құқық қорғау органдарын күшейтпейміз. Оларға ешбір жаңа билік пен құзырет бермейміз, керісінше мойнымызға міндет аламыз әрі жауапкершілігімізді арттырамыз», - деп түсіндірді Бас прокурор

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді.

 

 

Басты сөздер: Заң, Парламент, ҚР Бас прокуратурасы,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер