Мәжіліс депутаты ІІМ басшысына көктемгі тасқын қаупін ескертті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов еліміздегі көптеген ауылдарды қалың қар басып қалғанын, көктемде бұл елді мекендерді су басу қаупі бар екенін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл тұрғыда ол ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа тиісті депутаттық сауалды жолдады.

«Адамдар өміріне қауіп төндіретен сарышұнақ аязды күндерді өткерудеміз. Осы күндері әлеуметтік желілерде аязға байланысты түрлі видео түсірілімдермен толып кетті», - деп тоқталды депутат.

Оның сөзіне қарағанда, қыс басталғалы құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен, жол қызметтерімен өзара іс-қимыл арқылы қар құрсауынан 5,5 мың адамды шығарды, оның ішінде 439-ы - балалар. Осы орайда көп жерлерде адамдарды жылытуға арналған бекеттер ашылған.

«Ел аумағындағы аяз және бораннан бөлек, қалың түскен қар да қосымша сынақ болып отыр. Жыл басынан бері тек Астананың өзінде сыртқа шығарылған қардың көлемі 1 млн текше метрден асып түсті. Бұл Қазақстанның ірі қаласының бірі әрі осы шараларға шаһардағы қаржыландыру көлемі де, оған жұмылдырылған техника мен жұмысшылар да жеткілікті. Оған қарағанда, солтүстік, шығыс және орталық өңірлердегі көптеген ауылдық елді мекендерде түскен қардың мөлшері айтарлықтай көп. Осыған байланысты қаһарлы қыстан кейін қардың еритін уақыты келетінін еске салғым келеді. Атап айтқанда, қарлы өңірлерге көктем келгенде су тасқыны қаупі туындайтыны анық», - деді Берік Дүйсенбинов.

Осы орайда ол құтқару қызметтерінің қазіргі кезде қолы бос болмаса да, дегенмен де сақтандыру шараларын жоспарлау мен дайындық қадамдарына назар аударуға шақырды.

«Бұл жұмыстар қар ерігенге дейін ертерек басталғаны дұрыс екенін түсіну керек», - деді Б. Дүйсенбинов ҚР Ішкі істер министріне жолдаған сауалында.

Соңғы жаңалықтар