Мәжіліс депутаты: Биылғы астықты дер кезінде сыртқы нарыққа тасымалдау керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жексенбай Дүйсебаев астық тасымалдайтын вагондар мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы егін ору науқанының нәтижесі айтарлықтай табысты болғаны баршамызға мәлім. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, астықтың жалпы жиынтығы 21 миллионнан астам тоннаны құрады. Осының үштен екі бөлігі халықаралық стандарттарға сай келетін жоғары сапалы өнім. Ендігі мәселе жинап-терген өнімді іске жарату, яғни уақтылы ішкі және сыртқы нарыққа тасымалдауда. Дегенмен, жыл сайын астықты сыртқы және ішкі нарыққа шығарғанда келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Атап айтқанда, астықты тиейтін жүк вагондарының жетіспеушілігі байқалады. Осыған байланысты нарыққа шығарылатын өнімнің басым бөлігі қоймаларда жатып қалады. Осындай жағдай биыл да қайталанып отыр»,- деп атап өтті депутат ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жолдаған сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, астықты өлке саналатын Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде ғана 654 вагон астық кем тиелген. Тасымал вагондардың жетіспеушілігі қостанайлық ұн өндірушілерді де тығырыққа тіреп отыр. Соңғы екі айда небәрі 979 жүк вагоны тиелген. Бұл қажетті көлемнің 26 пайызын ғана құрайды.

«Қазан айының соңғы күндері астықтың уақтылы жеткізілмеуіне байланысты Оңтүстік Қазақстандағы ірі ұн өндіруші кәсіпорындар жұмысы тоқтап қалуға аз қалды. Аймақтағы ең ірі астық өндіруші «Алтын дән» кәсіпорнының тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін тәулігіне 15 вагон шикізат қажет екен. Ал осы көлемдегі шикізатты қамтамасыз ететін вагондар жетіспейді.  Қазіргі уақытта, астық вагондарының саны 9700-ді құрайды. Осы вагондардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Соның үстіне, болжам бойынша шамамен 7 мыңнан астам жүк вагондары жетіспейді. Оның ішіне арнайы майлы дақылдар, азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын вагондар да кіреді. Осындай жағдайларға қарамастан өзіміздегі бар жүк вагондарының өзін басқа елге жалға берілуі анықталған. Жоғарыдағы айтылған мәселелер бойынша бір топ әріптестерім Үкіметке тиісті хат та жолдаған болатын», - дейді Жексенбай Дүйсебаев.

Бұл тұрғыда депутат астықты уақытылы экспорттау және ел ішінде тасымалдау үшін арнайы вагондарды көбейту мәселесін шешу үшін керекті шараларды жүзеге асыруды сұрады.

Соңғы жаңалықтар