Мәжіліс депутаттары жолаушы тасымалына бақылауды күшейтуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің отырысында «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері көліктік компаниялардың жауапкершілігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бірнеше әріптесінің атынан ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутатық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген Ақтөбе облысындағы қайғылы жағдайды мысалға келтірді.

«Біздің сауалымыз еліміздегі жолаушылар тасымалдайтын автобустарына қатысты жол-көлік апаттары жиі қайталануына байланысты болып отыр. 2018 жылдың 18 қаңтарында Ақтөбе облысында «Самара-Шымкент» тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан 52 адам автобустың ішінде қаза тапты. 3 облыстың қадағалау бекеттерінен өткені (өртенген автобус - авт.) - назар аударатындай мәселе», - дейді депутар.

Ол сонымен қатар, тағы да бір келеңсіз жағдайға тоқталды.

«Ресейдің Владимир облысында «Санкт-Петербург-Нижний Новгород» бағытында теміржол пойызы өткелінде қазақстандық жолаушылар автобусы пойызбен соқтығысып, апат салдарынан 18 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алды (2017 жылдың қазан айында болған - авт.) Сонымен қоса, Ақмола облысында автобус жүргізушісі автотұрақта жүрегі тоқтап қаза тапты. Егер жолаушыларды тасымалдау кезінде бұл жағдай болғанда, бұл үлкен апатқа ұрындыруы мүмкін еді. Өкінішке қарай, осындай жағымсыз жағдайлардың жыл сайын мыңдаған азаматтар зардап шегуде. Жоғарыда келтірілген апаттардың негізгі себептері қылмыстық немқұрайдылық нен жауапсыздық болып отыр», - дейді ол.

Мәжілісмен жолаушыларды тасымалдаушылар ескі автобустарын жаңалау былай тұрсын, оны жөндеу шығынында азайтып, ескі-құсқы жарамсыз халде жолаушылардың өмірін қауіпке тігетінін мәселе етіп көтерді.

«Автобустарын осылай жүргізетіндер жеткілікті. Осындай автобустар жолда апатқа ұшырағанда жүргізушіні айыпқа тартып жатады. Ол транспорттық компаниялар жауапкершіліктен басын алып қашады. Осындай жағдайларды ескере отырып, транспорттық компаниялардың жауапкершілігін арттыру қажет деп санаймыз», - дейді Ержан Құдайберген.

Депутаты алдағы уақытта жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты шараларды қолға алуға шақырды.

«Жолаушылар тасымалдаушыларға республикалық, облыстық деңгейде жан-жақты іс-шаралар ұйымдастырып, автокөлік құралдарын техникалық жағдайына қатаң талап қою, автобустардың қолдану мерзімін шектеу жасау, заманауи бақылау құралдарды пайдалануды міндеттеу, автобус жүргізушілердің денсаулығын тексеру шараларын жүргізіп, бақылауды күшейту қажет деп есептеймін», - деп түйді депутат.

Соңғы жаңалықтар