Мәжіліс депутаттары Оралда көкейкесті мәселелерді талқылады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде ҚР Парламенті Мәжілісі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің сәулет-құрылыс қызметі саласындағы бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіру мен сумен жабдықтау мәселелері бойынша көшпелі отырысы өткізілді. Онда құрылыс саласына қатысты заңнамалық актілерді жетілдіру, соған байланысты әкімшілік кедергілердің туындауы, құрылыс сапасы төмендеп, уақтылы тапсырылмауы және мемлекеттік портал арқылы құжат рәсімдеудегі түйткілдер сынды көкейкесті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аталған комитет төрағасы Нұртай Сабильяновтың атап өткеніндей, Батыс Қазақстан облысы үшін тұрғындарды ауыз сумен қамту және автожолдарды жөндеу өзекті болып отыр. Мысалы, өңірдегі 319 672 тұрғыны бар 443 елді мекеннің 164-і немесе 37 пайызы ғана таза суды тұтынады. 275-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Төрт ауыл ауыз суды сырттан тасымалдайды. Сондықтан бұл мәселені шешу мақсатында облыстың барлық ауданында биыл 39 сумен қамту нысанын салу немесе қайта құру көзделуде. Осы жобаларды жүзеге асыруға 7 млрд теңге бөлінген. Бұл 65 мыңнан астам тұрғыны бар 54 елді мекенді сапалы сумен қамтуға мүмкіндік береді. Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге де қомақты қаржы қаралып отыр.

null 

Көшпелі отырыста сондай-ақ Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 46-49 қадамдарына тоқталса, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр сәулет және қала құрылысы саласына қатысты реформалар жөнінде баяндап берді. 

«Қазіргі таңда өңірде ауыз сумен жабдықтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған сапар барысында Теректі және Бөрлі аудандарында болғанымызда көз жеткіздік. Сол секілді автожолдарды салу және күрделі жөндеу мәселесі Мәжіліс отырысында көтеріліп, жиі сөз бөліп келеді. Бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын, құрылыстың сапалы салынуын қадағалау да керек. Екіншіден, көшпелі отырыста, сондай-ақ аудандарда шаруа қожалықтарының басшыларымен, кәсіпкерлермен кездесулерде көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Мұның бәрін жинақтап, саралап, содан кейін Мәжіліс отырысында қарап, тиісті шешім қабылдайтын боламыз»,  - деді Нұртай Сабильянов.

Мәжіліс депутаттары жұмыс сапары барысында Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде салынып жатқан жаңа мектеп пен тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Айта кетейік, өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес биыл 12 633,265 млн теңге қаралса, соның ішінде 10 642,112 млн. теңге 10 көп қабатты және ауылдардағы 183 тұрғын үйді салуға, сондай-ақ 1 991,153 млн теңге 15 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын тартуға беріліп отыр. 

null 

Соңғы жаңалықтар