Мәжіліс бюросы жалпы отырыстың күн тәртібін нақтылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Онда депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерге қатысты Заң жобасын бірінші оқылымда талқылайды.  Ол әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін төмендетуге, ескерту шараларының қолданыс аясын кеңейтіп, жазалардың түрін пайдалы арнаға бұруға бағытталған. Жалпы алғанда әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі ізгілендіруге негізделген. Сондай-ақ осы күні тұрғын үй қатынастары мәселелеріне қатысты өзгерістер екінші оқылымда қаралатын болады», - делінген таратылған ақпаратта.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы отырыста депутаттар назарына Қазақстан мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы арасындағы штаб-пәтер туралы келісімді ратификациялауға қатысты Заң жобасы ұсынылады.

Сонымен қатар сол күні палата бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдайды.  Олардың ішінде халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселесі, Түрікменстанмен  стратегиялық әріптестік шартты және  2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шарттың жекелеген ережелерін қолдану туралы хаттаманы ратификациялауға байланысты заң жобалары бар.

Соңғы жаңалықтар