Мажарстан Қазақстан студенттері үшін тағы 50 оқу грантын бөледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019-2020 оқу жылында Мажарстан оқу грантына үміткер қазақстандықтар саны тағы елу адамға артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Барани Андраш Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.

«Өткен айда, 19 ақпан күні Будапешт қаласында қазақстандық студенттерге Мажарстан тарапынан бөлінетін оқу гранты санын 200-ден 250-ге көбейту туралы шешім қабылданды.  Бұл жаңалыққа өте қуаныштымын. Менің ойымша, 2019-2020 оқу жылында 50 адамға көбейтілген квота бойынша алғашқы конкурс өтеді», - деп мәлімдеді Мажарстан елшісі.

Еске сала кетсек, Мажарстан үкіметінің қазақстандық студенттерге туризм саласы бойынша оқу грантын көбейтетіні хабарланған еді.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық 2013 жылы басталған. Арадағы Келісімге сәйкес, мажарстандық тарап қазақстандық студенттер үшін 45 грант (бакалавриат - 20, магистратура - 20, докторантура - 5) бөлген болатын. Өз кезегінде Қазақстан да серіктес ел студенттері үшін 45 грант бөлді.

2016 жылы мажарстандық тарап ұсынысымен келісімге өзгерістер енгізіліп, грант саны 45-тен 200-ге көбейтілді. Яғни, 2017 жылдан бастап, Мажарстан Үкіметі тарапынан Қазақстан азаматтарына 200 толық грант (бакалавриат - 90, магистратура - 90, докторантура - 20) бөлініп келеді. Қазақстандық тарап бөлетін грант көлемі (45 грант) өзгеріссіз қалды.

Б. Андраштың айтуынша, мажарстандық грант тегін оқуды, ай сайынғы шәкіртақыны (бакалавриат - 130 еуро, докторантура - 450 еуро), жатақхана немесе жалданған пәтерақы құнын (шамамен 130 еуро) және медициналық сақтандыруды қамтиды.

Биыл Мажарстан бөлетін 200 грантқа мыңнан астам қазақстандық студенттер өтінім берген. Стипендияға лайықты студенттерді депутаттар мен қоғам қайраткерлерінен, Қазақстандағы Мажарстан елшілігі қызметкерлерінен құралған қоғамдық комиссия іріктейді.

Фото: eurasia.expert

Соңғы жаңалықтар