Мажарлар ЭКСПО-ға салт атпен келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Қазанат» ипподромында ата-бабаларымыздың асқақ рухы сезілді. Жиналған жұрт көшпенділер әлеміне сүңгіп, тарихтың қойнауынан батыр бабаларымыздың ұранын естігендей болды. Мажарстаннан келген «Мадияр Тұран» қорының мүшелері көшпенді халықтардың әскери өнерін паш етті. Олардың ішінде мажар ғалымы, антрополог Андраш Биро да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Андраш Биро мажарлар мен қазақтардың туыстығын жан-жақты зерттеп, соны ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Тіпті, мадияр руы кеңiнен тараған Торғай тұрғындарына генетикалық талдау да жасаған. Оның айтуынша, Мажарстан ғалымдары Торғай аймағында ма­дияр руының бар екенiн 60-жылдары анықтаған еді. Алайда сол кездегі кеңестік жүйе кедергi болды. Содан ешқандай зерттеулер жүргізілмеді. Бертін келе, Андраш Биро  академик Оразақ Смағұловпен бiрге Торғайдағы мадиярлардың тарихын зерттеп шықты. Сол кезде үлкен экспедиция ұйымдастырылып, мадияр руынан шыққан ер азаматтарға антропологиялық зерттеулер жүргiзілді. Олардың ДНК-сы Мажарстанның екі-үш генетикалық зертханасында зерттелді. Осы елдің сот-сараптама орталығы да өз талдауын жасаған болатын.  Соның нәтижесі мадияр-қазақтар мен мажарлардың ең жақын туыс екенін растады. Әсіресе, Торғайдағы ма­диярлардың генетикалық ұқсастығы өте жақын болып шықты. Содан бері Қазақстан мен Мажарстанның байланысы күшейе түсті. Бірден қазақ-мажар құрылтайы ұйымдастырылды. «Мадияр Тұран» қоры ортақ жобаларға білек сыбана кірісіп кетті. Әбілқайыр ханның мүсінін қалпына келтірді. Жақында Кейкі батырдың бет-бейнесін жасауға атсалысты. Қордың тапсырысы бойынша Қостанай облысы Саға ауылында биіктігі 7 метр болатын «Өмір ағашы» монументі орнатылды. Бүгінде аталған туынды ағаштан жасалған ең үлкен ескерткіш болып саналады.

null 

Фото:spirro.ru

Міне, дәл осы туыстықтық қарым-қатынасты ту еткен «Мадияр Тұран» қоры ЭКСПО көрмесі аясында Астанаға тағы да ат басып тіреп, өз өнерлерімен көшпелі қазақ халқының рухын бір көтеріп тастады. Атпен шауып келе жатып, садақ атты. Әскери сап түзеп жүрді, семсерлесті. Әсіресе, ұзындығы 4 метр болатын қайыс қамшының шаңқ-шұңқ еткен дыбысы да ежелгі көшпелілердің өмірін, әскери тәртібі мен салтын көз алдына елестетті. «Қазақтар мен мажарлардың мәдениеті, тілі мен тарихы бір, ата-бабалары да ортақ. Дәл қазір оған ешкім шүбә келтіре алмайды. Мажарлар 1600-1700 жыл бұрын Орта Азиядан батысқа қоныс аударған болатын. Бірақ осы жердің салт-дәстүрін, тілін, Ұлы Даланың рухын сақтай білді. Біз де көне түркі жазуларын көздің қарашығындай сақтаймыз. Өйткені ол - біздің ортақ тарихымыз», - дейді «Мадияр Тұран» қорының президенті Андраш Биро. Ғалым барша Қазақ елін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуімен құттықтап, заман талабына сай әрекет етіп жатқанына ризашылығын білдірді. «Әрине, замана талабына сай болған дұрыс. Дегенмен, тарихты да ешқашан ұмытпау қажет», - деп атап көрсетті Биро. Қазақстанға жиі келіп жүрген ғалым қазақ тілін де меңгеріп алған.

null null 

«Мадияр Тұран» қоры Астанада Ұлы Дала рухын асқақтаса, Иштван Бенце деген мадияр бауырымыз Ақтауда жүр. Алдағы жұмада ол атпен Астанаға қарай шығуда жоспарлап отыр. Иштван мырза Венгрияның «Аударыспақ   Хунгари» федерациясының президенті ретінде жақсы таныс. Ата жұртына атпен келуден жалықпайтын ол өзінің бір сұхбатында: «Біздің арғы тегіміз - қыпшақ. Қазақта бар кейбір дәстүрлер бізде де бар. Мысалы, орталық Венгрияда бүгінге дейін ең құрметті деген қонаққа қойдың басын ұсынады. Көрдіңіз бе, бұдан артық қандай дәлел керек? Мәселен, мен өзімнің досымның торғайлық қыпшақ руынан екенін білемін. Менің қызметтесім, этнограф Фаркаш Чемез де қыпшақ. Әрине, Торғайдан Венгрияға дейін үлкен арақашықтық бар, бірақ бұл бізге кедергі емес. Өйткені, біз көшпенділерміз. Атқа қонып, ата-бабаларымыздың отанына келу біз үшін мәртебе», - деп ағынан жарылған.        

null 

Ақтаудан салт атпен шығатын Иштван Бенце 18 тамызда дәл көкпардан І Әлем чемпионаты басталатын күні Астанаға ат басын тіремекші. Сол кезде елордағы Венгрия көкпар құрама командасы мен аударыспақшылары да келіп жетеді. Иштванның өзі ЭКСПО көрмесіне салт атпен барып, павильондарды аралап шықпақшы.

Айта кетейік, бұған дейін ЭКСПО-2017 көрмесінде Мажарстан елінің ұлттық павильоны ашылған болатын .  Сол жерде Астананың Бәйтерегі сияқты «Өмір ағашы» экспозициясы орнатылды. Павильонның ашылу салтанаты барысында Мажарстанның ұлттық экономика министрі Варга мадиялар елінің қазақтар үшін шын жүректен қуанып жатқанын жеткізді . 

null null null null  null 

Фото и видео: Ильзат Сафаргалиев

Соңғы жаңалықтар