«Майқайың-В» кен рудасындағы қор 45 жылға жеткілікті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Майқайыңалтын» АҚ-ның бір ғана «Майқайың-В» кен рудасындағы қор 45 жылға жеткілікті. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Майқайыңалтын» АҚ-ның бас директоры Қуаныш Ботин айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«2016 жылы министрлікпен 25 жылға келісімшарт жасастық», - деді Қуаныш Ботин. - Ал қазіргі кезде жалғыз өзі жұмыс істеп тұрған №3 яғни, «Майқайың-В» кен рудасындағы қор 45 жылға жетеді. Қалған №1 және №2 кен рудалары жұмысын тоқтатып тұр. Олар бойынша сұрақ әлі шешілген жоқ. 2017 жылы 325 мың тонна кен өндірдік. Оған қоса, қалдықтарды қосқанда қайта өңдеуге 387 мың өнім жіберілді. Келісімшарт бойынша жылына 330 мың тонна кен алу міндеттелген».

 Сонымен қатар, Қуаныш Ботин 2015 жылы банкроттық жағдайда тұрған кәсіпорынның қазір жағдайы жақсарғанын атап өтті. - 2015 жылы акционерлерден 1 млн 600 мың доллар несие алынды, - деді Қуаныш Ботин. - Ол қаржы фабрика құрылғыларын қалпына келтіруге жұмсалды. Қазір несиеден басқа ешбір қарызымыз жоқ. Жұмыс жоспардағыдай жүріп жатыр. Таза суды үнемдеген соң, қаржы да үнемделуде. Үнемделген қаржы несиені өтеуге, кәсіпорынды дамытуға және жұмыскерлердің жалақысын арттыруға жұмсалады. 2015 жылы жалақы қорымыз 60 млн теңге болса, қазіргі кезде екі есеге өскен. 110-115 млн теңгені құрайды".

Айта кетелік, «Майқайыңалтын» АҚ 2017 жылы 2713 тонна алтын концентратын және 20 857 тонна мыс концентратын өндірген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 50 пайызға артық. Кәсіпорынның өнімі толықтай Қазақстан жерінде қалады. 

Соңғы жаңалықтар