Мәулен Әшімбаев жедел жәрдем қызметкерлерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Астанадағы Қалалық жедел жәрдем стансасының қыз-келіншектері мен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы әйелдер қауымын арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды аталған партияның баспасөз қызметі.

Қалалық жедел жәрдем стансасы елордамыздағы ең көне медициналық мекемелердің бірі. Оның негізі 1932 жылы 14 ақпанда қаланған. Ал 2017 жылы Президенттік бағдарлама аясында станса жаңа ғимаратқа көшірілді. Мұндағы қызметкерлердің барлығы жоғары білікті мамандар. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2016 жылы Литвада өткен Халықаралық медициналық жедел жәрдем сайысында аталған стансаның бригадасы 3-орын алды. Ал өткен жылы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткізілген ІІ Республикалық жедел жәрдем қызметкерлерінің сайысында 2-орыннан көрінді.

Стансаның бас дәрігері Сапарбек Дүйсеновтің айтуынша, мекеме барлық заманауи қондырғылармен толық жабдықталған. Соның нәтижесінде тәулігіне 274 шақыруға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Шақырулардың өзі 4-6 санатқа бөлінеді. Мыңға жуық қызметкер еңбек ететін ұжымда қыз-келіншектердің де саны айтарлықтай көп. Дегенмен, олардың бәрі бірдей мереке күндері еркін демалуға мұрсат алмайды. Өйткені халық денсаулығына адал қызмет ететін абзал жандар бұл күндері де жұмысқа шығып, өз міндеттерін орындайды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осындай жұмыс үстіндегі аруларды арнайы құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

«Бұл мереке мейірім мен ізгіліктің, жақсылық пен жылылықтың белгісі. Оның сәнін де, әрін келтіретін ақ жаулықты әжелеріміз бен аяулы аруларымыз. Сондықтан сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Мейрамға қарамастан жұмысқа шығып, халыққа қызмет көрсету сіздердің жауапкершіліктеріңізді көрсетеді. Әрдайым еңбекте биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жете беріңіздер», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымовамен бірге «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, әйелдер қауымын мерекемен құттықтады. Бұл орталықта жалғызбасты және көмекке мұқтаж зейнет жасындағы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасалып, кешенді әлеуметтік қызмет көрсетіледі. «Бүгінде 295 қарияға қызмет көрсетеміз. Олардың арасында 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 14 соларға теңестірілгендер және 33 тыл ардагері бар. Орталық 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал 2007 жылы «Көктал-1» тұрғын алабында орталықтың жаңа ғимараты салынып, осында көшіп келдік», - дейді Орталық басшысы Кенжеболат Бапышев.

Мекеме заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған. Мұнда паллиативті көмек бөлімі мен шұғыл жағдайдағы арнайы палата да жұмыс істейді. Барлық кабинеттерде интенсивті күтім мен терапияға арналған қажетті медициналық құрылғылар орнатылған.

Мәулен Әшімбаев «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері және ондағы қамкөңіл жандармен кездесуінде барлық әлеуметтік мәселелер әрдайым «Нұр Отан» партиясының басым бағыты болып қалатынын айтты. Орталықтағы ақ жаулықты әжелер мен аяулы аруларды мерекемен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруындағы жаңа кезеңді бастағанына назар аударды. Сондай-ақ, ол бұл бастамалар көп кешікпей өз нәтижесін беретінін де атап өтті.

«Әлеуметтік сала Елбасының ерекше назарында. Жақында жарияланған үндеуінде Мемлекет басшысы әлеуметтік жаңғырудың негізгі бес бастамасын айқындап берді. «Нұр Отан» партиясы аталған басым-бағыттардың жүзеге асырылуына тікелей жауапты. Сондықтан бүгін осы салада қызмет көрсететін мекемелерге арнайы барып, мерекемен құттықтауды ұйғардық. Жалпы анаға құрмет көрсету баршамыздың абыройлы міндетіміз. Бүгінгі мерекенің басты мәні де осы ұғыммен үндеседі деп білемін. Осы ретте Орталықтағы барша апа-әжелеріміз бен аруларымызды 8 наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын», - деген Мәулен Әшімбаев оларға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.



Соңғы жаңалықтар