Мәулен Әшімбаев Жапония және ГФР елшілерімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында қарқынды жұмыс істеуде. Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатамен және Германия Федеративті Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэльмен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА саяси ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл кездесулерде екі ел ынтымақтастығының келешегі мен партияаралық диалогты дамыту жайы кеңінен сөз болды. «Нұр Отан» партиясы мен Жапонияның Либералды-демократиялық партиясы Астана мен Токио арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға белсенді түрде қатыспақ. Алдымен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қазақстан мен Жапония арасындағы әріптестіктің маңызды факторы ретінде екі ел басшыларының жеке достық қарым-қатынасын атап өтті. Сондай-ақ, ол Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэнің өз елдеріндегі ең ірі саяси партиялардың көшбасшысы екеніне де назар аударды. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Жапонияны Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық әріптестерінің бірі екенін айтты. Екі ел ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Елбасының қазақстандықтардың алдына қойған технологиялық жаңғыру жөніндегі міндеттеріне сәйкес алдағы уақытта инновацияны енгізу саласында да әріптестік орнатуға жол ашылды
null 

«Қазіргі таңда Қазақстан жаңа технологияларды дамыту саласында белсенді жұмыс істеуде. Біз Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы сын-қатерлердің маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан экономикамыздағы ғылымды қажет ететін секторларды дамытып, жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор. Жапонияның робот техникасы саласында тәжірибесі мол екенін және көптеген озық инновациялық жобалары барын жақсы білеміз. Осы бағытта Қазақстан Жапониямен ынтымақтастықты нығайтуға тікелей мүдделі», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

 «Нұр Отан» партиясының халықаралық қатынастарды дамыту бағытында Жапонияның билеуші Либералды-демократиялық партиясымен әріптестікті нығайту маңызды тетік болып саналады. Осыған орай өткен жылы «Нұр Отанның» арнайы делегациясы күншығыс еліне барып, Жапонияның жетекші саясаткерлерімен кездесті. Соның ішінде Либералды-демократиялық партиясының басшылығымен де жүздесуер өткен болатын. Осы мәселеге назар аударған Мәулен Әшімбаев енді нұротандықтар жапондар тарапынан партиямыз бен елдеріміздің байланысын жаңа деңгейге көтеретін осындай қадам күтетінін жеткізді. - Біз екіжақты өзара іс-әрекеттің аясын кеңейтуге мүдделіміз. Сондықтан жапон әріптестеріміздің Қазақстанға қарымта сапармен келгенін көргіміз келеді. Бұл сапар біздің екіжақты ынтымақтастығымыз бен іс-әрекетімізге тың серпін беретін тиімді тетік болады деп сенеміз, - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде елші Итиро Кавабата Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының жоғары әлеуетін тілге тиек етіп, алдағы уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түсеріне сенім білдірді. - Біздің елдеріміз арасындағы байланыс қарқынды дамып келеді. Бүгінде біз қазақстандық әріптестерімізбен сындарлы әріптестік орнаттық. Өзара қарым-қатынасымызды тек партияаралық емес, елдеріміз деңгейінде де жаңа биікке көтеруге барлық мүмкіндігіміз бар, - деді Итиро Кавабата.

Кездесу соңында жапон елшісі Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының жұмыс жоспары мен алдағы бағыт-бағдары туралы айтты. Аталған лига 1994 жылы Қазақстан Президентінің Жапонияға жасаған алғашқы ресми сапары кезінде құрылған болатын. Достық лигасына Жапония Парламентіндегі 40 белсенді депутат, Министрлер кабинетінің өкілдері, палата басшылары және ірі саяси партиялардың жетекшілері мүше.

 Германия Федеративті Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэльмен кездесуде де тараптар мемлекетаралық және екі елдің жетекші саяси партиялары арасындағы қарым-қатынасты нығайту мүмкіндіктерін талқылады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Германия Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ, ол екі мемлекеттің өзара іс-әрекетіндегі ерекше қырлары мен экономикалық байланыстың маңызына тоқталды. - Елдеріміздің басшылары арасындағы оң қарым-қатынас Қазақстан мен Германияның сындарлы және өзара тиімді байланысының негізі болды. Германияның Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі екені көңілге қуаныш ұялатады. Соңғы бес жылдың көлемінде түрлі саладағы 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Өткен жылы Германия президенті Штайнмайер мырзаның Қазақстанға жасаған сапарында таяу жылдарға арналған жалпы құны 1 млрд еуродан астам қаражатты құрайтын қосымша келісімдерге қол қойылды, - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Қазіргі таңда Қазақстанда германиялық капиталдың қатысуымен тіркелген 1500-ден астам кәсіпорын мен экономикалық құрылым бар. Ірі неміс компаниялары біздің елмен бірінші кезекте сауда-экономикалық салада өзара қарым-қатынасты дамытуға мүдделілік танытып отыр.

Кездесу барысында партияаралық диалогты дамытудың маңызы да кеңінен сөз болды. - Екі жаққа да тиімді көптеген бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыратынымызға сенемін. Қазірдің өзінде партияаралық қарым-қатынаста біздің елдердің белгілі бір деңгейде тәжірибесі бар. Өткен жылы Германияның Христиан-демократиялық одағының шақыруымен нұротандықтар Берлинде болып, бірқатар жемісті келіссөздер жүргізді, - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы өңірлік оқу орындарының білім беру ісінде неміс технологиясы қолданылатынын айтып: - Таяуда Қарағанды облысына жасаған сапарымда Теміртау жоғары политехникалық колледжінде болдым. Ол жерде неміс әріптестеріміздің қолдауымен біздің студенттеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер қолға алынған. Кейбір сыныптарды толығымен Германия жабдықтаған. Ол сыныптарда сіздің еліңізде кеңінен қолданылып жүрген қондырғылар мен технологиялар орнатылған. Ал Германияның дуальді оқыту жүйесіндегі мол тәжірибесі қазіргі таңда көптеген қазақстандық оқу орындарында сәтті жүзеге асырылуда, - деді.

 Екі ел арасындағы байланыстың жандана түскеніне ерекше мән берген Рольф Мафаэль уақыт өткен сайын неміс саяхатшыларының Қазақстанға деген қызығушылықтары артып келе жатқанын жеткізді. - Былтыр Астанада өткен ЭКСПО халықаралық көрмесіне келген германиялықтардың басым бөлігі Қазақстанға деген ерекше қызығушылық танытып отыр. Сіздің елдеріңізде білім, өнеркәсіп және тағы басқа салаларда неміс тәжірибесінің қолданылатыны мен үшін үлкен қуаныш. Осы ретте жаңа дуальді оқыту жүйесін Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мен Германияның жетекші білім беру қорлары бірлесіп дайындағанын да айрықша атап өткен жөн, - деді Р.Мафаэль. Бұдан басқа неміс елшісі бүгінде «Нұр Отан» партиясында жүргізіліп жатқан ауқымды партиялық жаңғыру жұмыстарына қызығушылық танытты. Соған орай Мәулен Әшімбаев жаңа партиялық жобалар мен реформалардың басты бағыттары жайында айтып, бұл жұмыстардың барлығы партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынғанына назар аударды. Іс-шара соңында тараптар партиялық қалыптасу жайында пікір алмасып, түрлі салада бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Соңғы жаңалықтар