Мәулен Әшімбаев: Партия жұмысын өзгертетін уақыт жетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша партиялық кураторлармен және Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясы жанындағы комиссиялар мен кеңестердің жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды саяси ұйымның баспасөз қызметі.

Басқосуда партия қызметін одан әрі жаңғырту, Елбасының мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізу тапсырмасын және Сайлауалды тұғырнамада айтылған басым бағыттарды орындау мәселелері кеңінен талқыланды.

 Жиынға Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, фракция мүшелері және Орталық аппараттағы құрылымдық бөлімдердің өкілдері қатысты.

 Мәулен Әшімбаев бүгінде нұротандықтардың алдында тұрған басты міндет сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруда партия жұмысының тиімділігін арттыру екенін айтты. Партияның Орталық аппараты мен Мәжілістегі фракциясының және партияның өңірлік филиалдары мен жергілікті мәслихаттардағы фракциялардың өзара үйлесімді жұмысы партиялық жаңғырудың негізгі тетігі болмақ.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары фракция әртүрлі заң жобаларымен жұмыс барысында аппараттың сараптамалық ресурстарына арқа сүйеу керектігін жеткізді. Әлеуметтік маңызы бар деген заң жобаларын бағалап, сапалы ұсыныстар дайындау үшін бұл жұмысқа сарапшыларды тартудың да берері мол болмақ. Одан бөлек, халық қалаулылары партия жанындағы Саяси менеджмент академиясының әлеуетін де ескергені жөн екендігі айтылды. Осыған орай Мәулен Әшімбаев партия жанындағы комиссиялардың құрамын қайта қарап, оған сарапшыларды мейлінше көбірек қосуды ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде партиялық кураторлар институтын да айтарлықтай күшейтіп, жұмысын жандандыру қажет. Соның нәтижесінде Елбасы жүктеген міндетке сәйкес партия жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыратын ұсыныстарға ұйытқы болатын ақыл-ой орталығына айналуы тиіс.

 «Партия жұмысын өзгертетін уақыт жетті. Барша нұротандықтар нақты нәтижелерге жұмыс істейтін, шын мәнінде халықтық партия саналатын саяси ұйым құру үшін жаңа қарқынмен, ерекше екпінмен жұмыс істеуі тиіс. Егер біз расымен осыны қалайтын болсақ, заманға лайық жаңғыруымыз керек», - деді Мәулен Әшімбаев.

 Іс-шара соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партиялық кураторлар мен партиялық комиссиялар жетекшілеріне Елбасының партияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев партия жанындағы комиссиялар мен кеңестердің тиімді жұмысы еліміздегі жетекші саяси күштің беделін орталық және жергілікті деңгейде бұрынғыдан да арттыра түсетініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар