Мәулен Әшімбаев «Нұр Отанның» жұмысындағы өзгерістер туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Орталық аппаратының құрылымдық бөлім мен еншілес ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА партияның ресми сайтына сілтеме жасап.

Шараның басты тақырыбы елдің жетекші саяси күшін жаңғырту бойынша Елбасының тапсырмаларын іске асыру болды. Партияны жаңғыртудың нақты жоспары бүгінде дайын. Бұл реформаның басты мақсаты - Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін негізгі міндеттерді атап өтті. Біріншіден, партиялық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Соған орай мамандардың біліктілігі толық тексеруден өткізілмек. Сондай-ақ, партиялық білім беру ісі де жаңа жүйеге көшірілмек.

Алдағы уақыта «Нұр Отан» жастармен жұмысты одан әрі күшейтеді. Одан бөлек, жоғары білікті басқарушы мамандарды даярлап, олардың ең белсенділері мен таланттыларын мемлекеттік органдарға ұсынатын болады. Екіншіден, партия тың бастамалар мен идеялардың негізгі ұйытқысы және жалпыұлттық күнтәртібін қалыптастыруға қатысатын стратегиялық күш болуы тиіс. Нұротандықтар елімізде болған кез келген өткір де өзекті мәселелерге бірден назар аударып, олардың оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін жұмсамақ.

«Біз жұмыс барысы мен оның тәсілін өзгертуіміз керек. Бюрократиялық келеңсіздіктер мен қағазбастылықты азайтып, креативті, партия жұмысына тың серпін беретін жаңа әдістерге басымдық беруге тиіспіз. Тиімді әрі нақты нәтижелер үшін жұмыс істейтін ұйымдық, саяси және сараптамалық орталыққа айналуымыз керек. Сондай-ақ, Елбасымыздың креативті орталығы ретінде қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізуге тиіспіз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Жаңғыру аясында ашық ақпараттық қоғам және цифрлы Қазақстан жағдайына байланысты партия өзінің медиа кеңістігінде жаңғыру, жаңару және бейімделу жұмыстарын жүргізеді. Интернет пен әлеуметтік желіге басымдық беріледі. Өйткені бұл - қазіргі заманның басты талабы. Сондай-ақ, «Нұр Отан» стратегиялық құжаттар дайындаумен айналысатын өзінің сараптамалық орталығын нығайтып, қайта құрады. Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары бүгінде жүзеге асырылып жатқан барлық партиялық жобалардың өзектілігін сараптауды тапсырды. Соған орай шағын және орта бизнес пен инновациялық дамуды қолдауға бағытталған жаңа жобалар қолға алынбақ. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы да айтарлықтай жанданып, партияның ұзақмерзімді Даму стратегиясы дайындалады.

Мәулен Әшімбаев партиялық жаңғыруды жүзеге асыру кезінде Мемлекет басшысының «партия - министрлік емес» деген сөзіне ерекше мән беріп, оны естен шығармаудың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол жаңғыруды толық жүзеге асыру үшін әр партия қызметкері үнемі өзін өзі жетілдіріп, ізденіп, бұрынғы әдіс-тәсілдерді өзгерту керектігін айтты.

«Нұр Отан» халық үшін мейлінше ашық әрі қолжетімді болуы керек. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы жолында біздер аянбай еңбек етуге тиіспіз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Жиын барысында партия хатшылары Ғабидолла Әбдірахымов, Фархад Қуанғанов және Қаныбек Жұмашев сөз алып, партиялық жаңғырудың алғашқы нәтижелері туралы баяндады.

Соңғы жаңалықтар