Мәулен Әшімбаев «АрселорМиттал Теміртау» металлургтерімен кездесті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» кеңінен түсіндіріп, талқылау мақсатында арнайы сапармен Қарағанды облысына келді. Сапар барысында ол «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының металлургтерімен, Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенттері және оқытушыларымен кездесті, деп хабарлайды саяси ұйымның баспасөз қызметі.

 Сондай-ақ, облыстың кәсіпкерлері және бизнес-қауымдастық өкілдерімен де жүздесіп, пікір алмасты. Одан бөлек, Қарағанды құю-машина жасау зауыты мен бірқатар әлеуметтік нысандарға арнайы ат басын бұрды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің құрылыс жұмыстарымен танысып, жаңадан салынған спорт кешенінде болды.

Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру барысына бақылау жүргізуді «Нұр Отан» партиясына тапсырды. Бұған дейін де маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына партия тарапынан бақылау жүргізіліп келгені белгілі.

Жалпы Қарағанды өңірі өндірістік әлеуеті аса жоғары, еліміздің ірі индустриалды орталығы болып саналады. Бұл облыста көптеген тау-кен металлургиялық кәсіпорындар мен энергетикалық кешендер шоғырланған. Қазақстанның аса маңызды әлеуметтік серіктестерінің бірі «АрселорМиттал Теміртау» компаниялар тобы да осында орналасқан.

Алдымен Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен бірге аталған комбинатқа барды. Бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның құрамында Қарағанды металлургиялық комбинаты, 8 көмір шахтасы, 2 электр стансасы, Лисаков тау-кен байыту комбинаты, темірмарганец кен орны және тағы басқа көптеген кәсіпорындар бар. Мұндағы домна цехының өзі жоғары индустриялық әлеуетке және аса зор өндірістік қуатқа ие. Сондай-ақ, оның ел тарихындағы орны да ерекше. Нақты айтқанда, №1 домна пеші 1960 жылдың 3 шілдесінде Қазақстандағы алғашқы шойын құйылды. Содан бері бұл дата домна цехының ғана емес, тұтас Қарағанды металлургиялық зауытының іргесі қаланған күн ретінде де аталып келеді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өзінің осы қызметке келгелі облыстарға жасаған сапарын дәл Қарағандыдан бастау алғанына назар аударып, оның өз мәні бар екенін айтты.

- Қарағанды ел экономикасында алар орны ерекше ірі өндірістік өңірлердің бірі. Бұл жақта ел экономикасына қомақты қаржы құйып отырған ірі инвесторлар жұмыс істейді. Ал Қазақстан Магниткасы саналатын Теміртауда Елбасымыздың еңбек жолы басталғаны баршаға мәлім. Сондықтан бұл сапардың маңызы жоғары деп есептеймін, - деді Мәулен Әшімбаев.

Шын мәнінде «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы тек Қарағанды үшін емес, жалпы Қазақстан үшін ерекше маңызға ие кәсіпорын. Бір өзі 35 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің артуына да өз септігін тигізіп келеді. Елбасының ерекше қолдауы мен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында соңғы жылдары комбинатта өндірістік жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. ТМД елдерінде баламасы жоқ заманауи технологиялар, атап айтқанда, 4 құю машинасы, 2 түйіршіктеу қондырғысы, 1 қалдық қоқысты қайта өңдеу кешені орнатылды. Соның нәтижесінде тәулігіне 14 мың тоннаға дейін шойын өндіруге мүмкіндік туып отыр.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев облыстағы тағы бір жетекші өндіріс орны «Maker» Қарағанды құю-машина жасау зауытында болды. Бұл кәсіпорын да жаңғырту жұмыстарының аясында еліміз бойынша ешқандай баламасы жоқ, ең алдыңғы қатарлы қондырғылармен жабдықталған. Зауыт тау-шахта қондырғыларын дайындап және оларды жөндеумен айналысады. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясын машина жасауға арналған қосымша бөлшектер және қондырғылармен қамтамасыз етеді.

Аталған кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» маңызына ерекше тоқталды.

- Бұл бастамалардың маңызы халық үшін өте жоғары. Баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы аз жұмысшылардың салық жүктемесін 1 пайызға дейін төмендету, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін ұлғайту және елді газбен қамтамасыз ету бастамаларының әрқайсысы бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарында. Сондықтан барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға бағытталған Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясы белсене қатысатын болады. Бұл жұмыстарға барлық нұротандықтар және осындай ірі кәсіпорындардағы бастауыш партия ұйымдары да белсенді қатысуы тиіс, - деді Мәулен Әшімбаев.

Өңірде индустриалды-өнеркәсіптік кешендерді қарқынды дамытумен қатар оларға білікті маман даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлінуде. Елбасының дуальді білім беру бастамасын жемісті жүзеге асырып отырған сондай оқу орындарының бірі Теміртау жоғары политехникалық колледжі. Қазірдің өзінде бұл оқу орны серіктестерімен, соның ішінде облыстың бизнес-қауымдастығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Техникалық және кәсіби білім беру ісіндегі әлемдік тәжірибені кеңінен зерделеу мақсатында колледж «Кәсіпқор» холдингімен де ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Осы ынтымақтастық аясында 9 бірдей оқытушы Сингапурдің әлемдік деңгейдегі Nanyang Polytechnic оқу орнында тәжірибеден өтті. Ұжымның белсенділігі мен білім ордасының толық жабдықталуының арқасында 2017 жылдың тамыз айында Теміртау политехникалық колледжіне Жоғары колледж атағының берілуі де көп жайттан хабар береді.

Оқу орнына арнайы келген Мәулен Әшімбаев колледждің профессор-оқытушылар құрамымен және «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студент жастармен кездесті. Бүгінде мұнда аталған бағдарламамен еліміздің Оңтүстік өңірлерінен келген көптеген жас білім алуда. Олар оқу бітіргеннен кейін жергілікті өнеркәсіп орындарына жұмысқа тұруды көздеп отыр. Ал бүгінде Қарағанды облысында білікті мамандарға соның ішінде теxникалық мамандықтарға деген сұраныс ерекше жоғары. Осы мәселеге назар аударған партия Төрағасының бірінші орынбасары оңтүстіктен келген жастардың орталық өңірде қалуының игі әсері мол екенін айтты.

- Елбасы жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келеді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» да жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Нәтижесінде қосымша 20 мың білім гранты, соның ішінде техникалық мамандықтарға 11 мың грант бөлінетін болды. Бұл жастарға көрсетіліп отырған өте үлкен қолдау. Сондықтан осы мүмкіндікті мүлт жібермей, жалықпай ізденіп, бәсекеге қабілетті білім алуларыңыз керек, - деді Мәулен Әшімбаев.

Колледж студенттері Елбасы бастамаларының арқасында көптеген өзекті мәселелердің шешім тапқанына ерекше қуаныштарын білдірді. Олар жоғары білім алуға жасалған қолдаулармен қатар баспана алудың айтарлықтай жеңілдейтініне де ерекше мән беріп отыр. Тіпті студенттер бұл бастамалардың жарқын болашаққа деген сенімдерін күшейткенін айтып, «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болуға қазірден бастап ниет етіп отырғандарын жеткізді. Бұл әрине жастарымыздың әріден ойлап әрекет ететінін аңғартады.

Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да еліміздегі ең маңызды бастамалардың бірі екені сөзсіз. Осы бағытта Қарағанды облысында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бір ғана денсаулық сақтау ісіне ақпараттық технологияны енгізу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Мұның жарқын мысалы ретінде Қарағанды қалалық №3 емханадағы игі істерді айтуға болады. Бұл жерде алдын алудың, диагностиканың және халықаралық стандарттар деңгейінде түрлі ауруларды емдеудің озық үлгілері бойынша сапалы әлеуметтік-бағдарлы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Жергілікті мамандар ең жоғары технологиялармен жұмыс істейді. Емделушілердің үйлерінен шықпай-ақ арнайы мобильді қосымша арқылы қажет дәрігердің қабылдауына жазылуға да жағдай жасалған. Ал әр дәрігер кабинетінің кіреберісіне орнатылған QR-код арнайы оптикалық белгісі арқылы маманның біліктілігі, қабылдау уақыты және сол учаскенің кестесі туралы толық мәліметтер алуға болады.

Мәулен Әшімбаев емхана ұжымымен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында медицина қызметкерлеріне де ерекше қолдау көрсетілгенін айтты. Яғни, баспана алу мәселесінің жаңа мүмкіндіктері мен салық жүктемесінің төмендеуі осындай әлеуметтік сала мамандарына тікелей қатысты екені белгілі.

Президенттің тағы бір маңызды бастамасы - шағын несие беруді көбейту. Бұл жаппай кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізетін игі бастама. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Қарағанды қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, оның қызметкерлерімен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы сөз болды.

- Шағын және орта бизнес ел экономикасының негізін құрайды. Сол себепті де Елбасымыз бұл саланы үнемі қолдап, оның дамуына барлық жағдайды жасап келеді. Өзінің бес әлеуметтік бастамасында да шағын несие беруді көбейтуді тапсыруы еліміздегі кәсіпкерлік саланың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады, - деген Мәулен Әшімбаев бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жоба жайында да айтып өтті. Сол арқылы «Нұр Отан» партиясы бизнестің жағдайын жақсарту үшін орталық және өңірлік деңгейде тиісті шараларды қолға алмақ.

Айта кетейік, аталған орталықта кәсіпкерлерге заңдық, бухгалтерлік және маркетингтік қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Одан бөлек, мемлекеттік сатып алу жөнінде кеңестер беріледі. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері де осы ғимаратта отырады. Өз кәсібін ашқысы келген жандар бұл жерден мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, кеденге қатысты мәселелер және кәсіпкерлік төңірегіндегі тағы да басқа өзекті түйткілдер жөнінде жүйелі түрде кеңестер ала алады. Осылайша қарағандылық кәсіпкерлердің «бір терезе» қағидасы бойынша барлық қызмет түрлерін жедел әрі сапалы алуына жағдай жасалған.

Облысқа сапары аясында партия Төрағасының Бірінші орынбасары бірқатар құрылыс нысандарын да аралады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қарағанды қаласында салынып жатқан «Спорт академиясы» кешенінде спорттық-сауықтыру, білім беру және демалыс орталықтарымен бірге кеңселер, музыкалық консерватория, оқу сыныптары, мейрамхана, қонақ үй сияқты бөлімдер жұмыс істемек.

Өңірде тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 7 көпқабатты үйден тұратын жаңа шағын ауданның құрылыс барысымен танысты. Алдағы уақытта ондағы пәтерлер кезекте тұрған 1300 отбасыға мемлекеттік бағдарламалар бойынша, соның ішінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» және Елбасының жаңа «7-20-25» бастамасы арқылы беріледі.

Сондай-ақ, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында болып, Елбасымен бірге жұмыс істеген әріптестерімен, қанаттас серіктерімен және курстастарымен кездесті. Олар Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаевтың өнегелі өмір жолы туралы жан-жақты баяндап, Мемлекет басшысының қайсар мінезі мен табандылығына және адамдарға деген ерекше ілтипатына айрықша назар аударды.

Сапар соңында Мәулен Әшімбаев партияның Қарағанды облыстық активімен кездесіп, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» халыққа түсіндіру және оны жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

- Елбасының бес әлеуметтік бастамасының Қарағанды облысы үшін маңызы жоғары. Қызылордадан Жезқазған-Қарағанды-Теміртау арқылы Астанаға газ құбырының тартылатыны туралы айтылуы қарағандылықтарды ерекше қуанышқа бөледі. Бұл газбен қамтумен қатар экологиялық мәселенің де оң шешілуіне ықпалын тигізетін игі іс. Сондықтан Президент бастамаларын ел экономикасының дамуына оң әсерін тигізетін маңызды тетік деуге толық негіз бар. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының алдында тұрған негізгі міндеттер осы бастамалардың маңызын халыққа түсіндіріп, олардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу. Бұл жұмыстарға барша нұротандықтар белсене атсалысуы тиіс, - деді Мәулен Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар