Матаевтар ісі: ҚазТАГ-қа қаражат заңсыз төленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұл жолғы сот отырысында Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бұрынғы лауазымды қызметкерлері сотқа жауап берді.

Айта кетелік, сотқа дейінгі тергеу іс-шараларынан анықталғандай, 2010-2015 жылдар аралығында Сейітқазы Матаев өз ұлы - «ҚазТАГ ХАА» ЖШС-інің бас директоры Әсет Матаевпен бірлесіп алдын-ала бір топ адамдармен сөз байласып, алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырды. Ұрланған ақшаның көлемі 169 млн. теңгені құраған.

 «Мен басшылық еткен комитет 2010 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты халыққа насихаттауға қызметтерді сатып алу үшін конкурс жариялады. Жүзеге асырылған рәсімдердің нәтижесінде 2010 жылы 29-ыншы шілдеде кейбір лоттар бойынша өткізілген конкурс өтпеген болып есептелді. Өйткені оған кем дегенде екі қатысушы ғана жіберілді. Ал «ҚазТАГ ХАА» ЖШС-і бұл конкурсқа қатысуға өтініш берген жоқ»,- деп әңгімеледі сотқа берген жауабында куәгерлердің бірі, Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев.

Куәгер соттағы сөзінде Сейітқазы Матаевтың өзіне пайдакүнемдік қызығушылықпен өтініш жасап, ҚазТАГ-пен екі лот бойынша «бір көзден» қаражат бөлуге келісім-шарт жасауды ұсынғанын айтты. «Мен Сейітқазы Матаевпен Ұлттық баспасөз клубының Алматыдағы ғимаратында кездестім. Матаев келісім-шарт жасауды сұрады. Менің онымен жанжалдасуға ешқандай ниетім болған жоқ. Оған қоса ҚазТАГ сияқты беделді агенттіктің мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді және сапалы насихаттайтынына үміт арттым»,- деді куәгер. Сонымен қатар, ол келісім-шарт жасаудан бас тартқан жағдайда С. Матаевтың жеке басына және өзі басқаратын комитетке қарсы жағымсыз ақпараттық науқан өткізуге кірісетінінен қауіптегенін жасырмай айтты.

Сайып келгенде Болат Берсебаев өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, заңсыз шешім қабылдайды. Соның нәтижесінде екі лот бойынша «бір көзден» қаражат бөлуге келісім-шарт жасалады. Ол үшін комитет төрағасы өзінің орынбасары Бек Арпабаевқа келісім-шарт жасауға қажетті құжаттарды дайындауға тапсырма береді. «Алайда бұл мемлекеттік сатып алу тәртібіне қайшы келетін еді. Өйткені «ҚазТАГ ХАА» ЖШС-і аталған мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан жоқ»,- деп түсіндірді Б. Берсебаев. Куәгердің айтуына қарағанда, комитет ҚазТАГ-қа қаражатты заңсыз төлегенімен, 2010 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттау нәтижелері көңіл көншітпеді. «ҚазТАГ-тың қызметі техникалық ерекшеліктерге сай келмеді. Мысалы, агенттік күн сайын 40-50 ақпараттық хабарлама жариялдауға тиіс болғанымен, ол бір айда бар-жоғы 100 ақпараттық хабарлама шығарды. Материалдар жабық тәртіппен жарияланды»,- деп түсіндірді ол. Болат Берсебаев сондай-ақ атқарылған жұмыстардың актісі тексерілмегенін де жасырмай айтты.

Айта кетелік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 65-інші бабыан сәйкес, өзінің теріс қылықтарына өкіну мен тергеуге көмектесуіне байланысты Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің, «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапкершіліктен босатылған болатын.

 

Әмірлан Әлімжан

 

 

Соңғы жаңалықтар