Мәскеу Сирия келіссөздерінің Астанада өткізілу себебін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен келіссөздердің қорытындысына орай өткен баспасөз мәслихатында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сирия бойынша келіссөздер өткізу алаңы ретінде Астананың таңдап алыну себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Мәскеудегі арнаулы тілшісі Медет Ахметов.

«Сириялық дағдарысты реттеу басталған сәттен-ақ Қазақстан оның табысты болуына жәрдемдесуге ұмытылып келеді. Сирияаралық келіссөздерді бастауға алаң дайындау кезінде келіссөздерге Сирия үкіметімен қатар оппозицияның барлық секторын қамту үшін бұл процестің инклюзивті сипатын қамтамасыз ету міндеті тұрды», - деді Лавров.

Оның түсіндіруінше, Сирия оппозициясы шашыраңқы болды. Негізінен, шетелде тұрып жатқан оппозиционерлер белсенділік танытты. Сондықтан олардың басын қосып, үкіметпен сұхбаттасуға дайын болуын қамтамасыз ету міндеті алда тұрды. Ал бұл бағытта бірқатар ел күш жұмсап, үлкен іс атқарды.

«Сауд Арабиясы өздері ынтымақтастықта болған оппозиционерлерді біріктіруде үлкен жұмыс атқарды және «эр-риядтық» деп аталатын топ пайда болды. Дәл осындай істі мысырлық әріптестер де атқарып, «каирлық» топ пайда  болған еді. Мұндай істі бізде атқарып, «мәскеулік» оппозицонерлер тобы құрылды. Бұл бастамаларды дамыту үшін біздің қазақстандық достарымыз өз үлесін қосып, «өздерінің шатыры» астында кездеуге дайын оппозицонерлерді жинады. Осылайша «Астана» тобы құрылды», - деді Лавров.

Оның айтуынша, бұл топтар бұған дейін сирияаралық келіссөздердің бірінші раундына қатысқан болатын. Алайда, өкінішке оравй, сәуір айында бұл келіссөздер тұйыққа тірелген.

«Қарым-қатынасты қалпына келтіретін бұл процесті қайда жалғастыру қажет деген кезде бұл келіссөзге қатысушылардың барлығы да оңтайлы орын ретінде Қазақстан елордасы - Астананы еске алды. Астана мүмкіншілігі шектеулі емес, өзінің қызметін дұрыс ұсына алады деуге толық негіз бар», - деді РФ Сыртқы істер министрі.

Соңғы жаңалықтар