Марко Поло туралы қазақстандық фильм Миланда арнайы жүлде алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Милан қаласында Африка, Азия және Латын Америкасы фильмдерінің 27-фестивалі өз мәресіне жетті.  Наурыздың 19-ы мен 26-сы аралығында өткен Италия киноиндустриясындағы бірегей және дара фестиваль жарты ғасыр бойына үш құрлықтың мәдениетін байланыстырып келеді. 

23 наурызда Спацио Обердан кинотеатрында қазақстандық «Марко Полоның Жібек жолы» ғылыми-көпшілік фильм итальяндық көрерменге ұсынылды. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Фильмнің көрсетіліміне Қазақстанның Италиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы Алмасбек Жұмаділов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов, Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов, «Амброзиана» академиясы Азия сыныбының ғалым хатшысы, профессор Эдоардо Канетта, MondoMostre халықаралық жобасының жетекшісі Мария Аззура Ла Роза, Миланның мәдениет жөніндегі комиссиясының төрағасы Паоло Босси, продюсерлер, кино сыншылары және Милан қаласының тұрғындары қатысты.

 

Көрсетілім алдында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов Қазақстан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан  құттықтау сөз сөйледі.  Онда: «Азия, Африка және Латын Америкасы фильмдерінің кино фестивалі  - бұл шын мәнінде халықаралық кино индустриясы үшін үлкен мәдени оқиға. Кино фестиваль көптеген елдер үшін қазіргі заманғы қоғамды дамытудың ажырамас атрибутына, шығармашылық алыс-беріс үшін тамаша алаңға айналған. Онда әркімге де өз елінің мәдениетін көрсетуге бірегей мүмкіншілік берілген. Қазақстан кино фестивальге алғаш рет қатысып, ұлы итальяндық саяхатшы туралы «Марко Полоның Жібек жолы» ғылыми-көпшілік фильмін ұсынып отыр», - делінген.

 

Сонымен қатар Хазбулатов фильмнің түсірілім жұмыстары Италия, Қытай және Қазақстан жерінде жүргізілгендігін атап өтті. Фильмге отандық және халықаралық ғалымдар, саяхатшының өмір жолын зерттеп жүрген сарапшылар қатысқан. Ағымдағы жылы фильмді Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінде көрсету жоспарланып отыр.

 

Айта кетейік, «Марко Полоның Жібек Жолы» ғылыми-көпшілік фильмі әйгілі итальяндық көпес Марко Полоның Ұлы дала саяхаттары туралы кітабының желісі негізінде түсірілген. Фильмде Орталық Азия мен қазіргі Қазақстан шекарасына ерекше назар аударылған. Режиссерлік шешім ғылыми пікірталас пен тарихи қайта құруды ұштастырудың негізінде құралған.

Соңғы жаңалықтар