Марико Цунокаке: Жапондар да қазақтар секілді «ұят» деген ұғымды бала жастан сіңіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Марико Цунокаке Жапонияның Қазақстандағы елшілігінде қызмет етеді. Ол жұмыс бабымен Қазақстанға келгеннен соң үш айдың ішінде қазақ тілін меңгерген екен. Күншығыс елінен келген нәзік қыз қазақтың тілін үйренуде ешқандай да әдістемеге сүйенбеген. Өз ынтасымен, қазақ xалқының ұлттық болмысын түсінемін деген ниетпен мақсатына жетті. Марико санның Фейсбук парақшасындағы «Екі аптадан кейін Қазақстандағы жұмысымды аяқтап Түркияда еңбек жолымды жалғастыратын болдым» деген жазбасын оқып, ҚазАқпарат тілшісі әңгімелесіп қайтқанды жөн санаған еді.

- Марико сан, оқырмандарымыз да, жалпы біздің қоғам да мемлекеттік тілді меңгерген шетелдіктерге құрметпен қарайтынын білетін шығарсыз. Сондықтан әңгіме басында өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

- Осыдан бес жыл бұрын мен Қазақстанға алғаш рет келген едім. Ол кезде Жапонияның сыртқы істер министрлігінде жұмыс істедім. Қазақстанға баратын болғаннан кейін алдымен осы елдің тілін меңгеріп шыққан дұрыс деп шештім. Негізі, жапон дипломатиясы да өзге халықтың тілін білу арқылы екі жақты жақындастыруға, етене араласуға және ұлттық ерекшеліктерін барынша түсінуге негізделеді. Осылайша, 2012 жылы Қазақстанға келіп, бір жылдай Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тіл үйрендім. 
Бір қызығы, бастапқыда мен қазақша да, орысша да білмейтінмін, бірақ ағылшын тілінде сөйлей аламын. Ал мұғалімдер қазақша және орысша біледі, алайда ағылшын тілінде сөйлемеді. Сөйтіп, бір-бірімізді түсінбей, біраз қиналдық. Сосын мен бірінші кезекте қазақ тілінің грамматикасына ден қойдым. Мұғалімдер де барын салып маған көмек берді, түсінбей жатқан нәрсені қолмен де, затпен де, ишарамен де көрсетті. Ақырын-ақырын олардың айтқанын түсіне бастадым. Осылайша, үш айдан кейін сөйлеп кеттім. Артынан қазақ тіліндегі әдебиеттерді, газеттерді оқып, тілімді ұштадым. Өз ойымды да еркін жеткізе алатын деңгейге жеттім. Қазақтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін оқып шықтым.

- Тіл үйренгенде үш айдай қиналдым дейсіз. Демек, қазақ тілін аз уақыттың ішінде меңгеріп кетуге болады ғой?

- Әрине, болады. Меніңше, ол үшін орта қажет. Сосын жапон тілі мен қазақ тілінің ұқсастықтары да бар. Мысалы, жапон тілінде етістікті сөйлемнің соңына қояды. Қазақ тілінде де солай. Сонымен бірге, ауызекі тілдегі «келе жатыр, бара жатыр» сияқты грамматикалық ерекшеліктері де өте ұқсайды. Сондықтан қазақша сөйлегенде етістікті қайда қоюым керек деп ойланып тұрмаймын. Тура жапон тіліндегі секілді қою беруге де болады. Жалғаулары да ұқсас. Қазақша «Қазақстан - ға» десек, жапон тілінде оны «Қазақстан - е» деп айтамыз. Қазір менің қазақ тілінде сөйлегенімді көретін кейбір адамдар мені қазақ қызы деп ойлайды. Артынан жапон ұлтынан екенімді білгенде таңғалады. Расында тіл халықтарды жақындастырады. Қазақ тілінің арқасында мен көп достар таптым.

- Сіздің әлеуметтік жобалармен айналысатыныңызды естіген едік. Осы жұмыспен еліміздің барлық аймақтарын аралап шыққан екенсіз. Демек, Қазақстанға қатысты нақты көзқарасыңыз, нақты пікіріңіз де қалыптасты ғой?

- Иә, менің елшілікте айналысатын жұмыстардың бірі - «Шөп тамыр» атты әлеуметтік жоба. Дәл осы жобамен біз Қазақстанның біраз өңірлерін, облыстарын аралап шықтық. Төрт жылдың ішінде 20-ға жуық жобаны жасадым. Ол жоба бойынша біз бір облыстың нақты бір проблемасын зерттеп, оны шешуге атсалысамыз. Мәселен, мен Маңғыстау облысына барып келдім. Әрине, ол жақта мұнай бар, табиғи ресурстарға бай облыс. Дегенмен, адамдардың тұрмыс деңгейі Астанамен салыстырғанда қиын жағдайда. Осы орайда біз ескірген мектептерге барып, ғимарат жөндеуге қажетті қаржыны бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз.  Ауруханаларға медициналық жабдықтарды да әкеліп береміз. Сосын мен облыстарды аралағанда міндетті түрде тарихи ескерткіштерге, нысандарға баруға тырысамын. Маңғыстауға болғанда Бекет атаның басына барып қайттым. Шынымды айтсам осындай киелі жерлерді аралағанда қазақтың тарихын терең түсіне бастағандай сезімде боламын. 

- Қазақстанның қай өңірі ұнады?

- Негізі, мен Солтүстік Қазақстан облысынан басқа барлық аймақтарға барып шықтым. Солардың ішінен ең жақсысын таңдау өте қиын. Өйткені әрбір облыстың өзіне тән табиғаты, ерекшеліктері бар. Әлбетте, Қазақстанмен салыстырғанда Жапония кішкентай мемлекет қой. Соған қарағанда қазақ жерінің табиғаты ерекше, әсемділігі тамаша. Сол себепті нақты бір облысты таңдау қиын. Әр өңірдің өзі бір әлем. 

- Қазақстан мен Жапонияның табиғаты ұқсамаса да, екі халықтың бойында бір-біріне ұқсайтын ерекшеліктер, қасиеттері бар шығар?

- Әрине, алдымен қонақжайлық туралы айтуға болады. Ол жағынан біз қатты ұқсаймыз. Сосын үлкенді құрмет тұту мәдениетін ерекше атап өткен жөн. Үшінші ұқсастық, ол - ұяттылық, инабаттылық деп ойлаймын. Қазақтарда «ұят» деген ұлы сөз бар. «Ұят болады» деген де қатты сөз. Жапондарда да солай, осы сөзді жоғары ұстайды. Ұят болмау үшін қандай әрекет жасау қажет? Осыны жапондар бала кезінен бастап үйретеді. Қазақтар да балаға кішкентай кезінде теріс қылық істесе «ұят болады» деп ескертеді, үйретеді. Мінеки, ұқсастық. Сосын және бір ұқсастық - біз ешқашан үйдің ішінде аяқ киіммен жүрмейміз. Қазақтың үйінде де солай.


- Байқасам қазақ халқының салт-дәстүрлерін де біле түскен секілдісіз? 

 - Иә. Қазақ халқының дәстүрлері ішінде мен тойды жақсы көремін. Үйлену тойы, қыз ұзату тойы және тағы басқа тойлар көп. Менің қазақ достарым осындай тойларға жиі-жиі шақырып тұрады. Әрине, бізде Жапонияда да үйлену тойы бар. Дегенмен, біздің үйлену тойымыз бен қазақтың үйлену тойын салыстыруға келмейді. Қазақтар өз қуанышмен бөлісу үшін 100-500, тіпті одан да көп қонақ шақырады. Осындай тойларда біз достармен бас қосып, тамақ ішіп, тост айтып, уақыт өткіземіз. Маған қатты ұнайды. 

- Қазақ әдебиетімен де таныстым дедіңіз?

- Қазақ әдебиетінде маған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы қатты әсер етті. Бұл қазақтың тұнып тұрған тарихын көрсеткен туынды. Мен өзім - тарихшымын. Университетте магистратураны да тарих мамандығы бойынша бітірген едім. Сол себепті әу бастан қазақ халқының тарихына қызығушылығым ерекше болды деп айта аламын. 
«Көшпенділер» романы арқылы мен қазақ халқының қалыптасу тарихымен етене таныстым. Осы кітаптың негізінде түсірілген «Көшпенділер» фильмін де көрдім. Сосын маған қазақтың кинолары да ұнайды. Мәселен, «Шал» деген фильм қатты ұнады. «Сталинге сыйлық» деген бұрынғы кеңестік замандағы қиыншылықтарды баяндайтын фильм де ұнады. Кинодағы қазақтың әуендері де ерекше. Жалпы қазақтың әндеріне де қызығамын. Мәселен, әсіресе Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» деген әні қатты ұнап қалды. Негізінен дәл осындай фильмдер мен әндер де менің қазақ тілін білу деңгейімді өсіре түсті деп ойлаймын. 
- Орындап көрсеңіз қалай?

- Керемет!

- Марико сан! Жақында екі жылға Түркияға кетіп барады екенсіз. Сізге ақ жол тілейміз. Еңбегіңіз жана берсін!

- Мен өзім Қазақстанда бес жыл тұрғаннан кейін осы елді өзімнің екінші Отаным деп санап кеттім. Расында, бұндай сезімге жету де оңай емес. Ең бастысы маған сол сезім қазақ халқының арқасында келді. Қазақ халқының ашықтығы, қонақжайлығы, бірден көмек беруге тырысатын әдеті кез келген адамды бей-жай қалдыра алмайды деп ойлаймын. Мен қазақ халқына тәнтімін! Өзім танысқан әрбір қазақстандыққа ризашылығымды жеткізгім келеді!


P.S. Жапондар «Марико» деген есімінің шығу тегін батыстың «Мәриясымен» де байланыстырады екен. «Ол рас болуы керек. Батыстың «Мария» деген есімі біздегі «Мариконың» қалыптасуына әсер еткен деп естігенмін. Дегенмен нақты мағынасына келер болсақ, «Мари» деген сөз қазақша аударғанда «ұзақ жол, ұзақ өмір» деген мағынаны білдіреді», - дейді Марико сан. Біз де Марико санға атына сай ұзақ жол, ұзақ өмір тілейміз. Айта кетерлігі қазақтың тілін үйреніп, дәстүрін сыйлап, өз баласындай болған Марико Цуконакенің тағдыры Мәриям Жагорқызына ұқсамайды. Әйтсе де біз оны «қазақтың Марикосы» деп атағымыз келеді.

Соңғы жаңалықтар