Маңғыстаудағы Амал мерекесі: Отпан тау басында «бірлік оты» жағылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстауда Амал мерекесі атап өтілуде. Республиканың түкпір-түкпірінен келген жұртшылық «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде бас қосты. Қаз-қатар алпысқа жуық ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, түрлі мәдени, спорттық шаралар мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауға сөз бен ұлттық дәстүрді қастерлеген ақын-жазушылар, әнші-жыршылар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері жиналды.  Олар «Отпан тау» басы - бірліктің мекені деп санайды. Мерекеге келген халықтың  қарасы көп болды. Оларды тігілген киіз үйлер алдында ақ орамал таққан келіндер жылы шыраймен қарсы алып, үлкен ықыласпен ет пен шәйін ұсынды.

Шараның ерекшелігі, биыл ол республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киіз үй тізуде өзінің әсемдігімен, көркімен, көз жауын алатын жабдықтарымен маңғыстаулықтар көш бастап тұр.

null 

Ала таңмен Шетпедегі атшабарда 25 шақырымдық аламан бәйге мен 9 шақырымдық құнан жарыс өтті. Сонымен қатар ұлттық ойынның жалауы желбіреп, аударыспақтан жігіттер күш сынасты.

Отпан тау басындағы дүбірлі той ұлттық би мен әнге толы болды. Шеберлердің көрмесінен керегін алған тұрғындар да мәз-мейрам.

Сондай-ақ Жетісу, Арқа, Сыр, Батыс, Алтай-Тарбағатай жыр мектептері өкілдері мен  «Мен қазақпын» мега жобасы жүлдегерлерінің қатысуымен  концерттік шара, дәстүрлі әнші-жыршылар А. Көмековтың, А. Елшібаеваның, Ә. Сариннің, Ш. Сүлейменовтің, Н. Жанамановтың және Ө. Айниязовтың  қатысуымен жыр кеші өтті.

null 

«Мереке құтты болсын! Амал келді, той басталды! Маңғыстау жырдың елі, Қашағанның, Абыл, Ақтанның, Сүгірдің, Тәттіғұлдың елі. Мұнда келген халық жыр-терме тыңдамай кетпесе болмайды», - дейді «Мен қазақпын» мега жобасының жүлдегері Оспан Құлсымақ.

Бүгін сонымен қатар амал мерекесі мен «Отпан тауға» арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған Мәшhүр-Жүсіп мұражайының,  Абайдың  «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің,  «Қорқыт Ата»   мемориалдық музейінің, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени табиғи қорық мұражайының,  «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығының өкілдері қатысты.

null 

Ал кешкі сағат 20.00-де теңіз деңгейінен 532 метр биіктегі Отпан тау басында «бірлік оты» жағылды. Бұл - батырларымыз бен билеріміздің бас қосып, тағылымды шешім қабылдаған жері. Маңғыстаудың сан қилы сын сағаттарында ұран отын жағып, мәңгілік отын маздатқан тағзым биігінде амал мерекесі осылай дүбірлеп өтті. Шара ертең де жалғасын табады. 

 null 
null null null null 

Соңғы жаңалықтар