Маңғыстауда жер қойнауын пайдаланушылар екі су тұщыту зауытын салады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мұнай компанияларының қаражаты есебінен Кендірлі демалыс аумағында, сондай-ақ Қаражанбас кен орнында су тұщыту зауыты салынады, деп хабарлады Ақтау жаңалықтары.

Осы аптада облыс әкімі Ералы Тоғжановтың және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың қатысуымен мұнай-газ өндіру саласы мәселелері бойынша мәжіліс өтеді.

Кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес және тәуелсіз ұйымдарының ағымдағы жағдайы, еңбек нарығын трансформациялау мәселелері, жалақыны индекстеу, кей мұнай-сервистік компаниялар жұмысын көлеммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты Қаражанбас кен орнын тұщы сумен қамтамасыз ететін зауыт салу.

«Мұнай компанияларының Кендірлі демалыс аумағында магистральдық құбыр өткізгішпен теңіз суын тұщытатын зауыт, сондай-ақ Қаражанбас кен орнында суды тұщыту зауытын салуының маңызы зор. Аталмыш жобалар осы жылы 3-4 сәуірде Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына келгенде берген тапсырмаларын орындау бойынша жол картасына енгізілді. Ауызсумен қамтамасыз етілу мәселесі облыс кәсіпорындарының қалыпты жұмыс істеуін, азаматтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барынша өзекті мәселелердің бірі болып табылады», - деп атап өтті облыс әкімі.

 «Облыс аудандарының суға сұранысының жоғары екенін ескеріп, Жаңаөзенде де су тұщыту зауытын салу қажеттілігі туындауда. Барлық мәселе талқыланды. Алдағы уақытта жұмысты бастаймыз», - деді басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев.

Соңғы жаңалықтар