Маңғыстауда жел және күн электр станциясы салынбақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстауда жел және күн электр станциясы салынбады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің аппараттық жиынында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынның күнтәртібінде бірнеше мәселе қаралып, алдымен жылу беру маусымының өтуі туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков баяндама жасады.

Маңғыстау облысында 2017-2018 жылдардағы жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде. Облыс бойынша 373 білім нысаны, 95 денсаулық сақтау мекемелері, 140 әлеуметтік нысан және 1571 тұрғын үй қорына жылу берілген.

Бүгінгі күні «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС №1 жылу электр стансасының энергетикалық блогын жөндеу бойынша ротор жеткізді, кәсіпорын отындық мазуттың 100% немесе 26 151 тонна көлеміндегі апаттық қорын жинақтаған.

«Аймақта коммуналдық қызметтерге қарыздарды өндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда қарыз 2,1 млрд теңгеден 1,6 млрд теңгеге төмендеген», - деді Сапар Аманбеков.

Сала басшысы жылыту маусымының сапалы өтуін қамтамасыз ету мақсатында аудан және қала әкімдеріне келесі жұмыстарды жүргізу қажеттігін айтты.

Ал, ЭКСПО көрмесінде ұсынылған технологиялардан өңірімізге 6 жоба енгізілген: (4 жоба - энергетика саласы, 2 жоба - сумен қамту саласы). Жалпы, ҚР Энергетика министрлігі 105 технологияны таңдаған болатын.

Өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС алаңында қуаттылығы 250 МВт бу-газ қондырғысының құрылысын салу жобасы жүзеге асырылмақ. Жобада АҚШ-тың «Дженерал Электрик» компаниясының газ турбинасы іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда инвесторларды тарту мақсатында конкурс жарияланған.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында Түпқараған ауданының Ақшұқыр селосында қуаттылығы 5 МВт жел электр стансасының және Мұнайлы ауданының Батыр селосында қуаттылығы 7 МВт күн электр стансасының құрылысы басталған. Жоба 2018 жылдың 1 тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, Маңғыстау ауданының Шетпе селосында қуаттылығы 12 МВт күн электр стансасының құрылысы басталған.
Аталған жобаларда Германия және Қытай Халық Республикасының жаңартылатын энергия көздері саласындағы соңғы жетістіктердегі технологиялары енгізілуде. Сонымен қатар, облысымызды сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Маңғыстау облысының Құрық селосында қуаттылығы 50 000 тәулік/м3 су тұщыту зауытының құрылысы» және «Каспий» су тұщыту зауытын жаңғырту жобалары жүзеге асырылатын болады. 

Соңғы жаңалықтар