Маңғыстауда сатушының бетіне ыстық май шашып жіберген күдікті 2 айға тұтқындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында сатушының бетіне ыстық май шашып жіберген күдікті 2 айға тұтқынға алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Маңғыстау облысында вокзал маңындағы асхана сатушысының үстіне ыстық май құйып, денсаулығына ауыр зақым келтірген күдікті аталған қылмысты жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ. БАҚ-та зардап шегушінің туыстары күдіктінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтқаны туралы ақпарат шындыққа сай емес. Бастапқыда сот-медициналық қорытындының және соған сәйкес зардап шегушінің денсаулығына ауыр зақым келгені туралы мәліметтің болмауына байланысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-тармағы бойынша бұзақылық ретінде қозғалды. Бұл бап 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілікті көздейді», - деді ол.

Оның айтуынша, сот-медициналық қорытындының болмауына байланысты Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаменті қылмыстық істі дұрыс саралап, дер уақытында оны қозғаған. Бұл ретте заңдылықты бұзушылыққа қандай да бір жол берілмеген. 

«Қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің 106-бабымен қайта саралау зардап шегушіні ауруханада тексеру және оның жай-күйін медицина қызметкерлері анықтағаннан кейін 2 қараша күні жүргізілді.  Күдікті ұсталды, аудандық сот оған қатысты 2 айға «тұтқынға алу» шарасын санкциялады. Тергеу амалдары ІІМ Тергеу департаментінің бақылауында тұр», - деді Алмас Садубаев.

Соңғы жаңалықтар