Маңғыстауда наурыздағы қайырымдылық акциясында 3 500 отбасыға көмек көрсетілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз айында Маңғыстауда қайырымдылық акция аясында 25 млн теңгеге 3 500 отбасыға көмек көрсетілді, деп хабарлайды облыс әкімінің ресми сайты.

Ұлыстың ұлы күні теңіз жағалауында орналасқан киіз үйлер қалашығында халықтық серуен өтіп, қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі, қала кәсіпкерлерінің сауда-саттық қызметі және тәттілер жәрмеңкесі, «Ұлыс күні - Ұлы көш» мекемелер еңбек ұжымдарының шеруі ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Әз-Наурыз - татулық мерекесі!» атты театрландырылған көрініс қойылып, «Бауырсақ-пати», «Шұбат-пати» атты тұрғындар арасындағы шұбат ішуден жарыс өтті. Мереке қалалық  «Жыр-ғұмыр» атты  кәсіби жыршы-термешілер байқауымен жалғасты. «Наурыз-2018» мерекесінде қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық спорт түрлері:  арқан тарту, асық ату, қазақша күрес, гір тасын көтеру, қол күшін сынасу, тоғызқұмалақ сайыстарынан бақ сынасып, жеңімпаздарға жүлделер берілді. Іс-шара  «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасымен ұласып, мерекелік отшашумен аяқталды.

 Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары облыс тұрғындарын жыл басы - Наурыз мерекесімен құттықтады.Мәулен Әшімбаев Маңғыстаудың Қазақстан тарихындағы ерекше маңыздылығын және елдің дамуындағы қазіргі рөлін атап өтті.

«Мен Ұлыстың ұлы күнін киелі мекенде қарсы алғаныма қуаныштымын! Наурыз - ынтымақ пен берекеге толы мереке. Бұл күні әрдайым бейбітшілік пен тыныштық орнаған, бағзы заманда соғыстар тоқтатылып, өкпе-наздар кешірілген. Біз де осы тамаша дәстүрді құрметтеп, бағалаймыз. Наурыз әр шаңыраққа бейбітшілік пен тыныштық, гүлдену мен жақсылық ала келсін! Барлық армандарымыз орындалып, үміттер ақталсын!», - деді құттықтау сөзінде Мәулен Әшімбаев.

Маңғыстау облысындағы Наурыз мейрамы Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасымен ұштасты.  Наурыздың бірінші күні облыста «Асар-Жомарт-Жерек» қайырымдылық акциясы бастау алып, оның аясында 3500 мүжәлсіз отбасыға 25 миллион теңгеге көмек көрсетілді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтау қаласының тұрғыны, «Күміс Алқа» иегері Моншақ Жолмағамбетованы мерекемен құттықтады.Аймақ басшысы мұндай қайырымдылық шаралары аймақта тұрақты негізде өткізілетінін айтып өтті.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы - көптеген қазақстандықтардың мәселелеріне шешім болған бірегей жоба, нағыз көктемгі тарту.  Бір бағытының өзі әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін береді. Өткен жылдың өзінде облысымызда 7 мың отбасы баспаналы болды. Биыл бұл көрсеткіш еселей түсетіні анық», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Маңғыстаудағы жұмыс сапары барысында облыс активімен кездесті.Мәулен Әшімбаев елдегі жетекші саяси күштің жаңғыртылуы туралы түсінік беріп, жергілікті партия мүшелерін жұмыстың жаңа форматы мен тәсілдеріне көшуге шақырды.Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының жаңа ірі әлеуметтік бастамаларын іске асыруда қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі барлық тапсырмалары орындалатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар