Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2 есеге өсті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2 есеге өсті. Ең төменгі айлық - 120 мыңнан басталады. Бұл өңірде пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі осы жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Нақты мәліметтер көрсетіп отырғандай, «Б» корпусының орташа жалақысы атқарушы қызмет үшін  ауылдық деңгейде 96%,  аудандық деңгейде 105%, облыстық деңгейде 80% көтерілген. Ал басшылық қызмет үшін  ауылдық деңгейде 150%,  аудандық деңгейде 158%, облыстық деңгейде 143% өскен.

Өмірзақ ауылының әкімі Ерғали Ескендіровтің айтуынша, еңбекақының артуы бір жағынан мемлекеттік қызметтегі сапаны, екінші жағынан мамандардың әлеуметтік жағдайын көтереді. Осы салада 3 жыл жүргенін оның айлығы бұрын 150 мың болса, қазір 300 мыңға дейін өскен.

Жаңа жүйе Елбасымыздың 100 нақты қадам «Ұлт жоспарына» сәйкес енгізіліп отыр. 

«Өңірлер мен орталықтағы мемлекеттік қызметшілердің  жалақы көлеміне байланысты үлкен  айырмашылықты жою тапсырмасы берілді. Бұрын орталық мемлекеттік қызметшілердің жалақысында 70 пайызға дейін айырмашылық болатын. Қазір 10 пайызға қысқарды»,- дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова.

Жаңа төлем жүйесіне қойылатын талап басқа. Мәселен, енді лауазым мен еңбек өтіліне назар аударылмайды. Атқарған жұмысының нәтижесі мен мемлекеттік органға әкелген пайдасына байланысты төленеді. Маман негізгі лауазымдық еңбекақысынан бөлек бонустар алу мүмкіндігіне ие болады.  Олардың қаншалықты өнімді еңбек еткені бекітілген шкаланың көмегімен бағаланады.

null

Нұргүл Жанназарованың айтуынша, бұрын бір лауазымда, бір деңгейде жұмыс атқарған адамның барлығына біркелкі көлемде жалақы төленіп келді. Енді бұл лауазымдардың қандай жұмыс атқарғаны және жұмыс көлемі есепке алынып, сол бойынша ақы төленеді.  

Бағалау бойынша қызметкерлердің төрт санаты болады. Олар - «үздік», «нәтижелі», «қанағаттанарлық» және «нәтижесіз». Қосымша төлемге тек «үздік» және «нәтижелі» қызметкерлер ие болады. Қазір бұл жүйе талқылану үстінде және оның пробациясы келесі жылы үш органның үлгісінде жүргізілмек.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, жаңа жүйенің Маңғыстауда жүзеге асырылуының негізгі себебі, өңірде мемлекеттік қызметшілер саны аз. Қазір облыста 2789 маман бар. Әлі 500-ге жуық қызметкер жетіспейді. Сондықтан біздің аймақ пилоттық жобаны енгізіп отыр. Алайда, бұл салаға қызметке орналасу үшін талаптар да барынша күшейтілмек.

null

Айта кетсек, 2 айдың ішінде облыста мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрғысы келетіндер саны артқан. 

Соңғы жаңалықтар