Маңғыстауда экзотикалық құстар өсіріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық фермер экзотикалық құстарды өсірумен айналысады. Шаруашылық иесі сирек кездесетін түйеқұс, мысыр тауығы, тауыс, күркетауық, қырғауыл, бөдене бағады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Боранбай Қаржаубаевтың шаруа қожалығы нағыз құс патшалығы іспетті. Мұнда 1500 бөдене, 1 мыңға жуық қаз, 30 қырғауыл, түйеқұстың 15 түрі, жалпы 4350-дей құс бар.




«Ферманы 2017 жылы наурыз айында құрдым. Бес түйеқұсты бағудан басталып кеткен кәсіп десем болады. Бүгінде иелігімде сирек кездесетін құстар мен үй жағдайында бағуға болатын түрлі қанаттылар бар. Пайда табудан бөлек негізгі мақсатым, Қазақстанның кез келген тұрғыны қалаған уақытында құстармен танысып, табиғи таза өнімнен дәм татып, демалып кететіндей орын жасағым келеді. Негізінен экотуризмді дамытуды көздеймін. Ол үшін болашақта шаруашылықты кеңейткім келеді. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары келіп тұрады. Осы жерді демалыс орнына айналдырсам деймін»,-деді Боранбай Қаржаубаев.

Фермер экзотикалық құстардың жұмыртқалары пайдалы екенін айтады. Әсіресе, адам денсаулығына тигізер шипасы зор. Сондықтан инкубатор алып,  жұмыртқа мен балапан шығаруды да қолға алған.



«Мәселен, страустың бір жұмыртқасы 1,5 келі тартады. Қуырып тамақ қылғанда 16 адамға тамақ болады. Белок көп - 24 пайызға дейін барады. Холестерин жоқ. Емдік қасиеті зор. Страустың өзі 70 жылдай өмір сүреді. Жүгіргенде 70 шақырыммен бір сағаттың төңірегінде жылдамдығын түсірмейді. Еті өте пайдалы. Бойлары - 2,5 метр. Салмағы қазірдің өзінде 120-140 келі тартады. Тек етінің өзі 40-45 келі береді», - дейді Боранбай шаруа.

Оған шаруашылықпен екі ұлы Бекен мен Есен көмектеседі. Олар әрбір құстың күтімінің ерекшелігін айтуда.

«Ірі құстар былтыр көктемде жеткізілді. Олардың өсімі тез. Үлкендері 4-5 жаста, балапандары үш апталық. Әр құстың тамағы әртүрлі. Арпа, бидай, қоспа жем, барлығын Қостанайдан аламыз. Әсіресе, түйеқұстың күтімі ерекше. Қыста сақ болу керек. Себебі түйеқұс мұзға шалынып құласа, аяғы сынады.  Сосын жарамай қалады. Терісі қолтырауынның терісімен бірдей. Бағалы, сапалы. Түрлі әшекей бұйымдар, аяқ-киім, киім-кешек дайындауға болады. Тағы бір айта кететін ерекшелігі, түйеқұстың жүніне шаң жабыспайды. Қырғауылдың 10-ға тарта түрі бар. Ішінде патша, қызыл-алтын сияқты кең тараған түрлері және лимон әрі күміс түстілері де кездеседі. Жұбының құны 10 мыңнан бастап 100 мың теңгеден асады», - дейді Есен Боранбай.



Шаруа қожалығы үй құстарын да өсіреді. Қанаттылардың ерекшеліктеріне қарай жағдай жасалған. Үйрек-қаздарға хауыз салса, бөденелерді белгілі бір температура сақталған ғимаратта ұстайды. Одан тәулігіне 800-ге дейін жұмыртқа алып, саудаға шығарып отыр.

Фермер 6 га аумақты алатын қорасына 123 миллион теңге қаражат жұмсаған. Қожалықта құстан бөлек, түйе мен қоян бар.  Сондай-ақ, жылыжай шаруашылығын да қолға алған. Қияр мен құлпынай өсіреді. Оларға тамшылатып суару әдісін қолданады. Ауласына 300 түп жеміс ағашын да отырғызған.



Маңғыстауда баламасы жоқ шаруашылықты дөңгелетіп отырған Боранбай шаруа 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Бүгінде асқақ арманы мен мақсатына жету үшін этноауыл жобасын бастап  кеткен. Қазірдің өзінде 2 ағаш үйі тігулі. Шаруа болашақта киіз үйдің санын онннан асыруды көздейді.

Соңғы жаңалықтар