Маңғыстауда 7 елдің өкілдері Каспий теңізі аймағының өзекті мәселелерін талқылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда «Н.Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі, Каспий маңы елдерінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Конференцияға халықаралық ұйымдардың, Каспий маңы елдерінің өкілдері, шетелдік және қазақстандық ғалымдар, сондай-ақ Пәкістан мен  Македония Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері, Түркия, Түрікменстан,  Иран Ислам Республикаларының Бас консулдары қатысты.

Қатысушылар халықаралық қауіпсіздіктің аспектілерін және Каспий маңы елдеріндегі мәселелерді талқылап, әлемдік ғалымдардың ғылыми ұйымдарда жүргізген ғылыми зерттеулерінің тәжірибесі мен нәтижелерін атап өтті. Қазіргі таңда Каспий теңізінің түбін және тереңдігін делимитациялау, теңіз деңгейінің іргелес учаскелерін бөлу, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, гидрометеорология саласындағы мәселелер шешілді.

«Каспий - трансшекаралық су объектісі. Сондықтан Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен күш-жігерінсіз теңізді қорғау мүмкін емес екенін білесіздер. Каспий теңізіндегі көмірсутегі шикізатының ауқымды көлемін өндіру жоспарлануда. Демек, теңіз аймағын қорғау одан да өзекті болмақ. Халықаралық ұйым өкілдерінің және Каспий маңы мемлекеттерінің әр кездесуі мемлекеттік органдардың, шаруашылық субъектілерінің, мамандардың және жұртшылықтың назарын Каспий теңізінің экологиялық мәселелеріне аударуға және оларды жан-жақты шешудің жолдарын айқындауға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Мамандардың айтуынша, Маңғыстау - жылына 600 миллиард долларлық жүк тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан орталық алаң. Түркияның бас консулы Корхан Кунгер Солтүстік дәліз құрылысы аяқталғаннан кейін Қытайдан Еуропаға Транс-Каспий дәлізі арқылы жүк жеткізу мерзімінің 4 есе қысқаратынын айтты.

  «Қазақстан президентінің озық саясаты Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты арттырып келеді. Өткен жылдың өзінде Каспий аймағындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы, транзит, кеме арқылы жүк тасымалдау және балық шаруашылығы бойынша келісімдерге қол қойылды. Екі елдің әскери-теңіз флоты Ақтау мен Бандар анзали порттарына сапар шегуі теңіз қауіпсіздік саласындағы және Каспий теңізінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашты», - деді Иран Ислам Республикасы Бас Консулының міндетін атқарушы Мохаммад Хоссейнголи Нури.

 Конференцияға қатысушылар Ақтау қаласынан "Қазақстан теңіз университетін" ашуды ұсынды. Өлкедегі іргелі оқу орнының жанынан 1500 орындық жатахқана салу жоспарланды.

 «Біздің Президентіміз барлық жерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұл елдің дамуына аса қажет. Балаларға кампустар салынуы керек. Жатахқаналар салынуы керек. Президенттің бағдарламасы осы бағытта. Студенттер тек Маңғыстаудан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен, шетелден келеді», - деді Орталық Азия Университетінің ректоры Жұматай Әлиев. Бұл Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясында инвесторлардың қолдауымен жүзеге асады деп күтілуде.

Шара соңында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен дипломаттар мен ғалымдар Халықаралық Жер Ана күнінің құрметіне шырша отырғызды. Жер шарының, оның экожүйелері мен адам арасындағы қарым-қатынасын айқындайтын «Жер Ана» термині көптеген елдерде қабылданып, оның құрметіне түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар