Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында «Батыр» деп аталатын жаңа аудан орталығы салынады

None
None
АҚТАУ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында Бекет атаның 260 жылдығы тойы аясында «Батыр» деген жаңа аудан орталығының бірінші кірпішін қалау рәсімі өткізілді,

деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ауылды ашу туралы ұсыныстар шеттен келген қандастарымыздың көбеюі және соған қоса Ақтау қаласы әкімдігіне жер телімін алуға кезекке тұрған азаматтар тізімінің артуына байланысты да туындаған.

Бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша 2000-2006 жылдар аралығында жер телімін алуға өтініш білдірген 7386 адамның тізімі Қызылтөбе селолық әкімдігі аппаратына жіберілген.

Осы бойынша бүгінгі таңға 83 адамның өтініші қанағаттандырылып, жер телімдері берілді. Бұған дейін Ақтау қаласы әкімдігінде осындай 27 комиссия отырысында қаралған бұл өтініштер жылдық кезегімен алдағы уақытта да қаралып, жер телімдері бөлінетін болады. Қазіргі кезде аталған азаматтарға жер Батыр селосының Хазар деп аталатын бөлігінен беріліп жатыр.

Батыр ауылы Ақтау-Өзен тас жолының 25 шақырымында 1447 гектар аумақты алып жатқан жерге орын теппек.

Соның ішінде 970 гектар жер жеке тұрғын үй құрылысына арналған. Жаңа орталықта келешекте «Хазар», «Астана», «Алматы», «Болашақ», «Емір», «Шерқала», «Самал», «Тамшалы» атты 8 шағын аудан бой көтереді.

Ондағы жер телімдерінің саны 8817. Соның 7386-сы Ақтау қаласы әкімдігіне жер алуға кезекке тұрған азаматтарға берілсе, қалғаны «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша оралмандарға берілмек.

Жоба бойынша селоның халық саны 40 мыңнан астам адам болады деп жоспарлануда. Ал 477 гектар аумаққа әкімшілік-қоғамдық құрылыс нысандары салынады.

Мұнайлы ауданының маңында 8 ірі, 23 орта кәсіпорын жұмыс жасайды. Осы орайда Батыр елді мекенінің тұрғындары Ақтау қаласының маңындағы мекемелерге, өнеркәсіптерге, жеке кәсіпорындарда және жылыжай кешенінде егін шаруашылығымен айналысу арқылы жұмыспен қамтылмақ.

Ауылдың бүгінгі таңда газдандыру және электр желісін тарту жобалары дайын. Олар мемлекеттік сараптамадан өтті. Ішкі және сыртқы газ құбырларын тарту жұмыстарына 1 млрд 300 милионнан астам, сумен қамтамасыз ету жұмыстарына 1 млрд 800 миллион, электр желілерін тартуға шамамен 2 млрд теңге қаражат қажет.

Соңғы жаңалықтар