Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енген балықты аулағандар ұсталды
Сәкен Ділдахметтің хабарлауына қарағанда, 2018 жылдың 11 қаңтарында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы қызметкерлері рейд жүргізген. Рейд барысында Түпқараған ауданының «Бегейліғали» мекені мен көл аралығында үш УАЗ көлігі мен «Нива» маркалы автокөлік тоқтатылып, тексерілген.
«УАЗ көлігін тексеру кезінде салонның ішінен «Бекіре» тұқымдас 22 балық, ұсақ балықтар, ҚР Қызыл кітабына енгізілген ақбалық табылды. Екінші УАЗ көлігін тексеру барысында одан бекіре тұқымдас 11 балық анықталды. Нива автокөлігінен «Тахацу» аспалы қайық моторы, балықшы киімі, тралдау өндірісіне арналған құрылғылар, балықты тұншықтыруға арналған ағаш таяқша мен балықты аудан алып шығуға арналған ілмек табылды», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.
Оқиға орнына Түпқараған ауданы ІІБ-нің жедел тобы шақырылып, тәртіп сақшыларына барлық материалдар тапсырылған.
Аталған оқиға бойынша Түпқараған ауданының Ішкі істер бөлімінде қылмыстық іс қозғалып отыр.