Маңғыстау облысында бизнесті қолдауға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

None
None
МАҢҒЫСТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 2018 жылдың бірінші айында 47,0 мың бірлікті құрады, бұл - 2016 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға көп (44,16 мың бірлік), деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы үшін 2017 жылға 1 110,3 млн теңге сомасында қаражат бөлінді. Жыл ішінде осы бағдарлама шеңберінде 15,2 млрд теңгенің 208 жобасы қолдау тапты. Оның ішінде, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша - 15,1 млрд теңгенің 152 жобасы, кепілдендіру бойынша 101,8 млн теңгенің 56 жоба мақұлданды. Нәтижесінде 4036 жұмыс орны сақталып, облыс бойынша қосымша 1403 жаңа жұмыс орны құрылды.

2017 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер шағын бизнес субъектілеріне 25,1 млрд теңге көлемінде кредиттік ресурстар бөлді. Бұл - өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе көп.

Халыққа микрокредит беру «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Атырау филиалы, «Атамекен» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Маңғыстау» кредиттік серіктестігі арқылы жүзеге асырылуда.

Барлық микрокредит ұйымдары мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ 2017 жылда 1,3 млрд. теңге жалпы сомасына 278 микрокредит беріп, нәтижесінде 632 жаңа жұмыс орны құрылды.

«Ауыл кәсіпкерлерін қолдаудың тағы бір құралы - шағын несиелер беру. Жыл басында осы мақсатқа бюджеттен 490 млн теңге қаржы қарастырылды. Шағын несиеге кәсіпкерлер тарапынан сұраныстың көптігі ескеріле отырып, республикалық бюджетке қосымша тағы да 1,5 млрд теңгеге өтінім беріліп, қолдау тапты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 есе көп. Ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек нарығын трансформациялау мақсатында біз ішкі резервтер есебінен «ДАМУ» қорымен бірлесіп қаржыландыру көлемі 2,7 млрд теңге болатын «Нұр капитал» жобасын іске қостық. Жаңа жоба бойынша ауыл кәсіпкерлері 1% мөлшерлемемен несие ала алады», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Жергілікті бюджеттен 2017 жылы өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын көтеруді субсидиялауға - 58,5 млн теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімін өндіруді және өткізуді қолдауға - 50,8 млн теңге бөлінді.

Маңғыстау облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында 2017 жылы 70,7 млрд теңгеге жаңадан 419 тұрақты жұмыс орны құрылған 5 жоба пайдалануға берілді.

Олар:

1) Электр қалқан жабдығын өндіру және 6-10-35 кВ қуатты трансформаторларды жөндеу, «Ақтау трансформатор зауыты» ЖШС;
2) «Ақтау Керамзит» ЖШС-нің Керамзит тасын өндіретін зауытының құрылысы («Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында);

3) Құрық портында паром кешенін салу және әмбебап жүк-жолаушылар паромдарын пайдалану, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (2-кезең);

4) «Шыны-пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС-нің шыны-пластикалық құбырлар мен фитингтер өндіретін 3-цехының құрылысы;

5) Дайын өнімді шығару бойынша өндірістік қуатты арттырумен минералды тыңайтқыштар өндіретін зауытты жаңғырту (2-кезең), «ҚазАзот» ЖШС.

Инвестициялар тарту және облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында, 2017 жылғы сәуірде Ақтау қаласында отандық инвесторлардың, экономиканың түрлі салаларынан келген бизнесмендердің қатысуымен «Облыстың инвестициялық әлеуетін дамыту» атты кездесу болып өтті.

Мамыр айында Дүниежүзілік банк, Азия Даму Банкі, «Фин Бизнес Хабы» және Еуропа Қайта құру және даму банкі өкілдерінің қатысуымен «Халықаралық ұйымдар үшін Маңғыстау облысын дамытудағы мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

2017 жылғы шілдеде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның өңірлік өкілдігімен бірлесіп халықаралық көлік-логистикалық форум өткізіліп, оған Ресейдің, Әзербайжанның, Түркияның, Қытайдың, Грузияның, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Италияның өкілдері қатысты. Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселелері, Каспий транзит дәлізінің бірыңғай тарифі талқыланды. Форум қорытындысында Маңғыстау облысының әкімдігі мен «А+А Group of Companies», «EnerMech» компанияларының арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға, Ақтау және Анаклия порттары арасында екі жақты меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар