Маңғыстау облысында әпкелі-ініліге жасалған қастандық бойынша қылмыстық іс қозғалды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында қастандықтың құрбаны болған  әпкелі-інілі бүгін-ертең ауруханадан шығады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске салсақ, 19 мамыр күні кешке Басқұдық ауылынан  әпкелі-інілі екі адамға  қастандық жасалған. 1990 жылы туған Аида 4 жарақат, оның 1995 жылғы інісі 9 жарақат алды. Оларға қастандық жасаған 1992 жылғы жас жігіт оқиғадан кейін өзінің басына оқ атты.

Зардап шеккендер Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.

Оқ атқан жігіт те клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілді. Бірақ есін жимастан көз жұмды. Зардап шеккендердің жағдайлары жақсарып келеді.

 «Зардап шеккендердің жағдайы жаман емес. Психологиялық жағдайлары да  қалыпты. Олар сұрақтарға орнықты жауап беруде. Жарақаттары оқтан болған деп айта алмаймын, гильзалар табылған жоқ. Бүгін-ертең үйлеріне шығарып қаламыз», - деді ортопед-травматолог  Әнуар Әшір.

 «Факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасуда. Тергеу барысында баптар өзгеруі мүмкін. Басқа ақпаратты құпиялылықты сақтау мақсатында жариялауға рұқсат жоқ. Тергеу аяқталған соң ғана жарияланады», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінің басшысы Жазира Әбіл.

Соңғы жаңалықтар