«Мәңгілік елге» байланысты астаналықтар үй құжатын ауыстыру үшін неше теңге төлейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 қараша күні Астана қаласының мәслихаты Орынбор көшесінің атауын Мәңгілік ел деп ауыстыру туралы идеяны мақұлдады. Мәслихаттың шешіміне сай, Орынбор атауы Е10 көшесіне берілуі керек екен. Мәслихат Орынбор көшесінен басқа тағы бірнеше көшенің атын ауыстыруды ұйғарыпты.

Осы ретте, «көше аты ауысса, тұрғындар үйлерінің құжатын, тіпті, көліктерінің техникалық паспортында жазылған мекенжайды ауыстыруы керек емес пе?!» деген заңды сауал туындайды. ҚазАқпарат агенттігі тиісті мемлекеттік органдарға хабарласып, Орынбор көшесінің бойындағы үйлердің тұрғындарымен әңгілемелесе отырып, осы сұрақтың жауабын білді.

Жалпы, әуел баста, «елорда көшелерінің аты өзгереді» дегенде, қала әкімдігі халыққа қызмет көрсету орталықтары заңды және жеке тұлғалар үшін үй құжаттарын ауыстырып, үйдің техникалық төлқұжатына өзгеріс енгізу тегін болады деп түсіндірген еді. Алайда, электронды үкіметтің консультанттары біздің қоңырауға жауап бере отырып, құжаттарды ауыстыру 530 теңге тұратынын хабарлады.

«Алдымен, Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мекенжай анықтамасын аласыз, мекенжай анықтамасы тегін беріледі. Сол анықтаманы алып, үйді сату-сатып алу туралы келісімшартпен бірге өзгеріс енгізу туралы өтініш бересіз. Ол үшін 0.25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейсіз. Үйдің техникалық паспортында да көше атауын ауыстыру керек. Бұл жұмыстарды істеу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді алып келесіз»,-деді тұтқаның артындағы кеңесші жігіт (1414 телефонына қоңырау шалыңыз - авт.).

Бұл ақпараттан кейін агенттік тілшілері Орынбор көшесінің бойындағы ең бірінші тұрғын үй - «Көркем» ТК-не барды. 16 кіреберісті зәулім үйде барлығы 842 пәтер бар екен. Яғни, бір ғана тұрғын үйдегі пәтер иелері құжаттарын ауыстырса,  қазынаға 446 260 теңге түсер еді. Бұл сұрақты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне қойып едік, елорда әкімдігі мәселе бойынша жарытып ақпарат бере алмады. Тек Қазақстан Республикасының  Әділет министрлігі билік бастамашы болғандықтан, тұрғындар бір тиын да төлемеу керек деп түсіндірді.

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 6 бабы, 2 тармағында «жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады» делінген. Яғни, жылжымайтын мүліктің мекенжайы мемлекеттік органдардың шешімі бойынша ауыстырылса, бұндай өзгерістер тегін жүзеге асуы керек және  жергілікті орынның билігі тарапынан көше атауы ауысса, меншік иесі бұл үшін жауапты емес. Бұл заңда «ақша төлемейді» деп, тура жазылмаса да, осы бапқа сәйкес, азамат үйдің мекенжайындағы көше атауын ауыстырғаны үшін бір тиын да төлемеуі керек. Егер, Халыққа қызмет көрсету орталықтары ақша төленбесе, құжат ауыстырмаймыз десе, олардан ресми түрде бұның жауабын талап ету керек»,-деді Әділет министрлігінің консультанты.

Яки, тұрғындар көше атының ауысуына байланысты, тек уақыттарын жоғалтатын болып шықты.

«Шынымды айтсам, көшеміздің атын ауыстырады дегенге мен қатты қуанған жоқпын. Себебі, менің кішкентай балам бар, ал құжат ауыстыру үшін біздің елде неше күн жүгіретініміз белгілі. «Мәңгілік ел» деген атау әрине әдемі-ақ, бірақ, құжат ауыстыру үшін ары-бері жүгіретінімді ойласам... Оның үстіне, Орынбор атауын басқа көшеге берейін деп жатыр екен, тұрғындар шатасатын шығар...»,-дейді Орынбор көшесінің бойында тұратын Дамира есімді азаматша.

Соңғы жаңалықтар