«Мәңгілік ел» боламыз десек Декларацияның өте қажет екеніне күмәніміз жоқ болуы тиіс - Сенатор Бижанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мәңгілік ел» боламыз десек Декларацияның өте қажет екеніне күмәніміз жоқ болуы тиіс. Бұл пікірді бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысындағы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» жобасын талқылау барысында сенатор Ахан Бижанов білдірді.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы декларациясын қабылдау маңызды мемлекеттік мерекелер, Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент күндері, қарсаңында өтіп жатыр. Мұнда өзара логикалық байланыс бар, себебі біздің еліміздің жаңа тарихында болып жатқан тағдыршешті әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктер ел Президентінің атымен тығыз байланысты. Өздеріңізге мәлім, тәуелсіздік өзінен өзі келе қалған жоқ. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы арман еткен егемен мемлекет құру жөніндегі ұлы миссия Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген салмақты да сарабдал саясатының арқасында жүзеге асты», - деді ол.

Депутат 1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған тұстан бастап, дүниеде алғаш рет қазақ ұлтының атымен аталатын жаңа егемен мемлекет пайда болғанын атап өтті.

«Әлемде халқының саны әлдеқайда басым, бірақ жеке мемлекеттігі жоқ ұлттардың да бар екенін білеміз. Ендеше егемен елдігіміз зор бақыт ғана емес, сонымен қатар бүгінгі және келер ұрпақтар алдындағы ғаламат жауапкершілік. Мұны әрқайсымыз жан-жүрегімізбен сезінеміз. Осыған орай жаһандық тарихқа сүйене отырып айтатын бір ұғым бар «Тәуелсіздікке жету бір белес, ал Тәуелсіздікті сақтау, нығайтып дамыту мың белес». Кеңестік республикалар арасындағы бұрынғы сан-салалы байланыстар үзіліп, өтпелі кезеңнің болмай қоймайтын қиындықтары белең алған сол бір шақта абдыраған халықты жасампаздық істерге бастап, тәуелсіздіктің іргетасын нығайту оңай міндет емес еді. Сол кезде Президентіміз бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, көп ұлтты Қазақстан халқын өз соңынан ерте білді. Ол өзінің талантты басшылығы мен байыпты саясаты арқылы осынау тарих үшін тым қысқа мерзім саналатын жиырма бес жылдың ішінде есімі әлемдік қауымдастыққа белгісіз болып келген республиканы жоғары қарқынмен дамып отырған, бейбітшіл саясатымен дүние жүзіне танылып үлгерген мемлекетке айналдыра алды. Сөйтіп Елбасы Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты және қазір де миссиясын табысты жалғастыруда»,-  деді Бижанов.

Сенатордың атап өтуінше, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы декларациясында қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде барша отандастарымызды біріктіруші және топтастырушы рөлі атап көрсетілген.

«Сонымен қатар құжатта біздің елімізде түрлі этностар өкілдерінің ұлттық мәдениеті мен тілдерін сақтап дамытуына жан-жақты қолдау жасалып келеді. Декларация заманымыздың аса көрнекті қайраткері, еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін айшықты көрсететін, сонымен бірге халқымызды жаңа жасампаз істерге бастайтын мазмұнды тарихи құжат болатыны сөзсіз. Бұл аса маңызды құжатты қолдауға және қабылдауға шақырамын. «Мәңгілік ел» боламыз десек осындай Декларацияның өте қажет екеніне күмәніміз жоқ болу керек. Тұңғыш Президентімізге, Елбасына лайықты баға берейік, құрметті әріптестер, себебі бұл тарихи тұлғаның саяси миссиясы аса мыңызды, аса ерекше. Елбасына қандай жоғары баға берсек те, артық болмас», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар