Мамандар ЖИТС-тің жыныстық жолмен таралуының белең алуына алаңдаулы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары елімізде ЖИТС-ке шалдыққандардың 70 пайызы ауруды жыныстық жолмен жұқтырған. Мұндай деректі Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Еліміз бойынша жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісі Халыкаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Осы датаға орай орталығымыз қала көлемінде көптеген іс-шаралар өткізді. Әлі де жалғасын табады деп ойлаймыз. Бірақ, мәселе өткізгеніміз жайында есеп беруде емес, қоғамға, қала тұрғындарына ЖИТС-тің алдын алу, сақтану жолдары жайында дұрыс ақпарат беру болып отыр», - деді ол БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында.

Бас дәргердің айтуынша, 1997 жылдан бері 1293 адам осы індетті жұқтыруы себепті орталыққа тіркеуге алынған. Ағымдағы жылдың өзінде тағы 13 адам есепке алынып отыр. Жалпы соңғы жылдары бұл індеттің жыныстық жолмен таралуы белең ала түсуде әрі ер адамдардың арасында жиі кездеседі. Бұл кездейсоқ, бейберекет жыныстық қатынасқа түсудің салдарынан. Бүгінде орталықтан 321 адам тұрақты дәрі-дәрмектерін қабылдап, мамандар кеңесін алуда.

Кездесу барысында бас дәрігер тілшілерді алдағы уақытта «қатерлі дерт», «дауасы жоқ індет» сияқты жалаң статистикамен халықты үркітіп, шошытпай керісінше ұтымды, тиімді ақпарат беруге шақырды.

«Бұл тек қана қалалық я болмаса облыстық арнайы орталықтардың атқарып жатқан жұмысымен бітетін дүние емес, бұған қоғам болып атсалыссақ, жойып жібермесек те өсу қарқынына тосқауыл болар едік», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар