Мамандар сексеуіл кесуге жарияланған мораторийді ұзартуды сұрады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Мамандар сексеуіл кесуге жарияланған мораторийді ұзартуды сұрады. Себебі, аталған ағаш түрін кесуге тыйым салғаннан бері браконьерлер саны азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Сексеуіл кесуге  мораторий жарияланған  жылы Балқаш ауданында 51 қылмыстық іс қозғалып, 202 тонна сексеуіл мемлекет пайдасына тәркіленген. Ұсталғандар лайықты жазасын алған.

«Сексеуіл ағашының қалыпты өсуі үшін 35-50 жыл қажет. Міндетті түрде мораторийді ары қарай жалғастыру керек», дейді Балқаш ауданы прокуратурасының прокуроры Қанат Сонабаев.

Бұл пікірді  орманшылар да құптап отыр. Балқаш ауданында өткен жылы 100 гектар жерге сексеуіл тұқымын сеуіп, 20 гектар жерге көшет отырғызыпты. Биыл да осыншама алқапқа ағаш егіледі. Сексеуіл кесуге жарияланған мораторийді ұзартпаса, браконьерлер саны қайта өсуі мүмкін. Сондықтан оны  ұзартудың қамына осы бастан кірісу керек,- дейді мамандар.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде 2013 жылдың 8 тамызынан бастап 2018 жылдың аяғына дейін сексеуіл кесуге мораторий жарияланған болатын. Нәтижесінде  елді мекендерден қашықтап кеткен сексеуіл алқаптары қалпына келе бастады. Бастапқыда заңсыз ағаш кесіп, пайда тапқысы келетіндер жиі ұсталатын. Қазір олардың да қатары сиреген.

Соңғы жаңалықтар