Мәлік Мырзалин су тасқынына қатысты: Атбасардағы ахуалды бақылап отырмыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Атбасардағы су тасқынына қарсы қандай шаралар жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Алдағы жылдың су тасқынына дайындық туралы... Біріншіден, тасқын қаупін жоюға қатысты топырақ үю жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыс ауданның шаруашылық субъектілерінің есебінен жүргізіледі. Демек, бюджеттен бір теңге де жұмсаған жоқпыз. Барлығы да демеушілік есебінен жасалады. Атбасарда екі үлкен жол және теміржол көпірі бар. Осы екі көпірдің аумағында арналар тазартылып, бұталар, түбірлер мен қоқыстар жойылды», - дейді өңір әкімі.

Мәлік Мырзалиннің айтуынша, автокөлік көпіріне сыйымдылығы секундына 40 текше метр болатын тюнингті құбырлар орнатылған.

«Біз жұмысты көктемге дейін жалғастырамыз. Себебі қыста өзендер қатып, техникалармен жұмыс істеу жеңілдей түседі. Адамдарға келетін болсақ, біз айына 40 мың теңге мөлшерінде пәтер жалдау үшін қажетті соманы бөлдік. Атбасар үшін бұл өтемақы жеткілікті. Қазіргі уақытта 11 стандартты 45 пәтерлі тұрғын үйлерді салу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Биылғы жылы 6 үйді аяқтауды жоспарда бар, келесі жылы 5 үй беріледі», - дейді ол.

Аймақ басшысының сөзіне сенсек, Атбасарда Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің комиссиясы жұмыс жүргізген. Олардың шешімі бойынша Атбасарды су тасқынынан қорғайтын өнеркәсіптік бөгетті салу керек екен.

«Біз бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Бір жағынан бөгеттің қалай болатынын және қаншалықты қымбатқа түсетінін білу үшін ЖСҚ үшін ақша бөлдік. Тиімді және арзан жолдарын да қарастырып жатырмыз. Бұл мәселе бойынша 11 үй тапсырылған соң, бәрібір 300-ге жуық адам су тасқыны болуы мүмкін аумақта қалады. 12-13 елді мекенде тағы 100 адам бар. Бұл адамдар үшін су тасқыны аймағынан тыс тұрғын үй салу оңайырақ болуы мүмкін. Екі күн бұрын Атбасарда болдым. Орынбасарым аптасына бір рет шығып, техникалық мәселелерді қарастырып, халықпен кездеседі. Тіпті бірінші кезекте пәтерлерді кімге бөлу керектігі жөнінде комиссия құрдық. Бұл комиссияға шенеуніктер кірген жоқ. Комиссия пәтер алу бойынша алдыңғы кезектегі 270 отбасын анықтады. Бір қызықты жағдайды айта кетейін,  Атбасардағы бір әже маған: «Мәлік Кеңесбайұлы, мен жалғыз тұрамын, балалары, науқастары бар отбасыларға қарасыңыздар» деп қолқа салды», - дейді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар