Малайзиялық «Боинг-777» ұшағы апатын тергеу қорытындылары жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Малайзия әуе жолдары» жолаушылар ұшағының Украинада апатқа ұшырау себебін анықтап жатқан халықаралық тергеу тобы баспасөз конференциясында лайнерді Первомайское және Снежное ауылдарынан ұшырылған зымыранның атып түсіргенін хабарлады.

Бұл туралы Би-би-си жазады.

Айғақ ретінде тергеу тобы фотосуреттер, бейнежазбалар, диалогтардың аудиожазбасын көрсетті және ұшуды модельдеп, үш өлшемді карта арқылы ұшақтың апат болуын көрсетті.

Сонымен бірге, тергеушілер «Бук» колоннасының жүру бағытын егжей-тегжейлі сипаттап берді. Олардың хабарлауынша, ұшақтың апатына себепкер болған «Бук» ұшыру қондырғысы Ресейден Украинаға жеткізілген.

Ресей қорғаныс министрлігі ұшақ апатына қандай да бір қатысы барын жоққа шығаруда және өз нұсқаларын айтуда. Баспасөз конференциясы басталмай тұрып, Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасы өкілдерінің ұшақты атып түсіруі мүмкін емес екенін мәлімдеді.

«Ресейлік тарап бұл қайғылы оқиғаның әділ және толық тергелуін қолдайды және қолдап келеді. Апат туралы алуан түрлі көзқарастар бар, олардың бірі сарапшылық, тіпті бұлтартпас айғақтар да бар. Сөзсіз, біздің әскерилер жариялаған соңғы ақпаратты - аталған аумақта ұшуы мүмкін барлық ұшу аппараттары мен нысандарды түсіріп алған бастапқы радар деректерін де ескере отырып қорытынды жасаған жөн», - деген Дмитрий Песковтың сөзін келтіреді РИА Новости.

2014 жылдың шілде айында Амстердамнан Куала-Лумпурге бет алған «Малайзия әуе жолдарының» "Боинг-777" ұшағы Украинаның оңтүстік-шығысында опат болды. Бортта болған барлық 298 адам мерт болған еді.

 

Соңғы жаңалықтар