Мал соятын маман, табақ тартатын тарлан таппаймыз - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлік баспасөздің көтерген өзекті мәселелеріне шолу жалғасады. Жалпы шолу барысында байқағанымыз, аймақтардағы баспасөз рухани, мәдени дүниелерге кеңірек көңіл бөле бастағаны аңғарылады. 

Малды дұрыс соя білмеу - естіген елден ұят - «Арай» газеті

Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінде «Мал соятын маман, табақ тартатын тарлан таппаймыз» атты тілші мақаласы жарық көрген екен. Мәселе мал союдың жай-жапсарынан басталады. Газет тілшісі «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегенді алға тартып, кәнігі бесаспап қасапшыдан пікір алған екен. «Мәселе өте дұрыс көтеріліп отыр. Мал соя білмеу - естіген елден ұят-ты», - деген қасапшы осы тұста Елбасының көтерген рухани жаңғыру туралы бастамасын да көлденең ұстайды. «Міне, осы жаңғырудың бір шеті ұлттық әдет-ғұрыпқа, дәстүрге келіп тіреледі. Сондықтан, «ештен кеш жақсы» демекші, алдыңғы толқын ағалар осыны мықтап қолға алып, бар білгендерін өскелең ұрпаққа үйретулері қажет. Өйтпейінше, «көштің жүре түзелмейтіні» бесенеден белгілі жайт», - дейді қасапшы әңгімесінде.

Мақалада мал бауыздаудан бастап, ет мүшелеуге дейінгі дүниелерді пысықтап, бүгінгінің дұрыс-бұрысын сүзгіден өткізеді. «Жастар біле жүрсін» дегенді баса айтады. Мал сойылып, ет мүшеленіп болғаннан кейінгі маңыздысы - табақ тарту. Бұнда да журналист табақ тартудың жөн-жоралғысы туралы ауыл ақсақалының кейінгіге қарата айтқан базынасын жеткізеді. «Қазір кейбір қандастарымыз ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрді ұмытып, ет тартуға да адам жалдап жүр. Бұған күлеміз бе, әлде жылаймыз ба?» - деп күйінетін көрінеді ақсақал.

Тілші былай түйіндейді: «Расында да, қазақ халқы мал союға ғана емес, қонаққа табақ тартуға да ерекше мән берген. Сондықтан, бұл екі салттың қазақ тұрмысында алар орны ерек. Әрине, кейінгілерге үлкендер жөн көрсетіп, қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыппен сусындатпағаннан кейін біреуге кінә артудың өзі де қиындау. Десе де, бұны әр қазақ білуге міндетті. Мүмкін, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін аспазшылар дайындайтын арнаулы орта оқу орындарында бір пәнді ұлттық салт-дәстүрге, қазақы ғұрыптарға арнау керек шығар. Бәлкім, көпшілікке арналған арнайы курстар ашу қажет пе?».

Оразасын үзбейтін орыс жігіті - «Арай» газеті
 
 

Дәл осы «Арай» газетінде ораза айымен байланыстырылған және бір қызықты мақала жарияланған. Әңгіме кейіпкері тараздық Тимофей Кондраченко. Оның ораза айында ауыз бекітіп, ислам дініне бет бұрғанына биыл бір жыл толыпты. Орыс жігітінің бұл саналы әрекетін туыстары мен достары да қолдайтын көрінеді.

«Қазіргі уақытта Тараз қаласында тек өзім ғана тұрып жатырмын. Бауырым мен ата-анам жұмыс бабымен Ресейге қоныс аударған. Олар менің таңдауымды құрметтейді және намазға жығылғалы мінезімнің, ұстанымымның жақсы жаққа өзгергенін айтады. Анам көзі ашық, көкірегі ояу жан. Біздің үйде күні бүгінге дейін кішігірім кітапхана бар. Онда Құран және басқа да кітаптар көп. Оның барлығын анам жинаған және парақтап тұрып оқыған. Сондықтан, ол кісі мені жақсы түсінеді», - дейді Тимофей Кондраченконың өзі.

Дәл осы секілді ислам дінін қабылдап, парызын орындап жүрген кәріс қызы Алена Владимировнаның да ораза ұстағанына 10 жылдың жүзі болыпты. Ол алғашында ата-анасынан, туыстарынан именгенін айтады. «Бірақ, уақыт өте келе олар менің таңдауыма түсіністікпен қарай бастады. Ең қуаныштысы - анам да исламға келді. Мен алдымен, Құранды оқып, мән-мағынасын түсінуге тырыстым», - дейді кәріс қызы.

Қазақ тілі - киіз үйде - «Сарыарқа самалы» газеті


 
Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің жазуынша өңірде мемлекеттік тілді меңгерем деушілерге тамаша мүмкіндік жасалыпты. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Павлодардағы саябақта ашық аспан аясында тігілген киіз үйде қазақ тілінен дәріс өткізуді қолға алған. «Өңірімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның халық арасында кеңінен қолданылуын насихаттау бойынша жұмыстар жыл сайын ұйымдастырылып, түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Екі жылдан бері нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан пилоттық жобалардың бірі «Тіл керуені» деп аталады. Оның авторы - қазақ тілі бойынша оқу-әдістемелік құралдары мен электрондық оқулықтарды жазған білікті маман Шолпан Кинжикова», - деп жазады газет.

Қобдадан шыққан хазіреттер - «Ақтөбе» газеті


 
«Ақтөбе» газеті Қобда өңіріндегі елге танылған, алайда кеңестік заманның теперішін көріп, қысымға ұшыраған, солай болса да халық құрметінен тыс қалмаған хазіреттер туралы әңгіме жариялады. Дінбасы хазіреттер тағылымы халықтың көкейінде болып, санасында сақталса, олар салдырған мешіттердің кейбірі орны ғана қалса, кейбірі әлі күнге құлшылық етер киелі орын ретінде қызмет етіп келеді.
Қысқаша айта кетсек, солардың бірі - Жұмағұл хазірет Байшуақұлы. Ол 1906 жылы Ресейдің І Думасына депутаттар сайлауына қатысқан. «Негізінде хазірет Жұмағұл Байшуақов Ұлы Қобда өңіріне танымал діни қызметкер болып, имандылық істі таратуға көп көңіл бөлген. Бұл - ел аузында, халық жадында қалыптасқан ұғым».

Қобда өңірінің басқа да хазіреттері, олардың қасиеттері мен қайраткерліктері туралы Ақтөбе газетінен оқуға болады.

Тек жүргенге тайтұяқтай алтын береді. Ал бізде ше? - «Өскен өңір» газеті



Қызылорда облысы Шиелі ауданының Өскен өңір газетіндегі мақала қоғамда жиі сөз болып жүрген қылмыстық заңнаманы, соның ішінде «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістерді де қаузайды. Әңгіме көлік жүргізушілеріне қатысты, ереже бұзғанға салынатын айыппұлды «жұмсарту» турасында болып отыр. Мысал ретінде шетелдік тәжірибелер де алға тартылады. «Дубайда көлік жүргізушілері арасында балдық жүйе қалыптасқан. Бұл қалай дейсіз бе? Егер көлік иесі бір ай бойы жол ережесін бұзбаған болса, 2 ұпайды иеленеді. Осылай жылдың соңында ешбір ережені бұзбай, 24 балл жиған адамға мемлекет тарапынан сыйлық берілетін көрінеді. Тіпті, лоторея арқылы 2 адамға таза тай тұяқтай алтын да сыйлайды екен».

Осы мысалды көлденең тартқан тілші Қазақстандағы жүргізушілерге салынатын айыппұлды да санамалап, оның шарықтап кеткенін айтады. Мысалы жылдамдықты 10-ға арттырсаң - 20 мың теңге көлемінде, ал, осыны бір жыл ішінде қайталасаң - 80 мың теңгеден жоғары айыппұл төлеуге мәжбүр. «Бұл қарапайым халыққа оңай емес. Сондықтан, азаматтарды айыппұлмен қорқытпай, Дубайдағыдай саналы түрде тәртіпке шақыратын заң қабылданса. Мүмкін, сол кезде жүргізушілердің қызығушылығы артып, көлікті дұрыс тізгіндеуді үйренер ме еді?», - деп жазады тілші.

Батысқа саяхат...түйемен - «АқЖайық» газеті



Швед саяхатшысы Кристиан Бодегрен Каспийді көру үшін алып нарды жетектеп, Қазақстанның шығысынан батысына қарай 4,5 шақырым жерді жаяу жүріп өткен. Бұл туралы Атырау облыстық «АқЖайық» газеті жазады. Мақалада жазылғанындай, 43 жастағы Кристиан Ұлы жібек жолының қазақстандық бөлігіне саяхатын өткен жылдың қазанында бастаған екен. Бұған дейін ол төрт ай Моңғолияны аралапты. Қытаймен шекарада оған алғашқы қос өркешті серігін қалдырып, басқасын сатып алған. «Ол жаңа серігіне Гудини деген ат қойды. Кристиан жаяу жүрсе, сенімді серігі Гудини оның шағын жүгін ғана тасымалдайды. Швед анағұрлым жеңіл әрі тез жүретін атпен емес, түйемен саяхаттағанды жөн көреді. 2010 жылы ол түйемен Сахараны кесіп өтті. Өйткені, ол көне саяхатшыларға сай болғысы келеді», - деп жазады АқЖайық. Швед Кристианның өзі: «Иә, саяхат жасаған уақыт ішінде 15 келі салмақ тастадым, бірақ қыста, әсіресе, Қарағанды облысында далада шатырда түнеуіме тура келгенде маған ауырлау соқты», дейді тілшімен әңгімесінде.

Етікшінің еңбегі неге еленбейді? - «Не хабар»


 
Атыраулық «Не хабар» газеті өз күшімен аяқ киім өндіріп отырған жеке кәсіпкер туралы жазып, сол арқылы еліміздегі аяқ киім өндірісінің мәселелерін көтереді. Расында, елімізде аяқ киім өндірісінің тоқырауы 90-жылдардың орта тұсы болса, сол кездері Қазақстандағы 11 аяқ киім фабрикасының алтауы жұмысын бірден тоқтатқан екен. Соның бірі - Атырау аяқ киім тігу және жөндеу фабрикасы еді. Өңірде аты дүркіреп шыққан кәсіпорынның сапалы тауар шығарғанын көзі көргендер бүгінде ұмыта қоймаған. Бірақ нарықтан отандық өнімді ысырып тастаған Қытайдың сапасыз аяқ киімдері әлі де лек-легімен келіп, базар сөрелерін толтырып тұр.

Алайда Атырау өңірінде сапалы аяқ киім шығарумен айналысқан фабриканың салған ізі өшпеген. «Бүгінде Атырауда сол уақыттағыдай түрлі аяқ киім үлгілерін қолмен тігіп, халыққа қызмет көрсетіп отырған жалғыз адам бар. Ол - бұрынғы цех бастығы болған Амантай Иманғалиев. Қасына фабрикада бірге жұмыстас болған екі маманды алып, жеке кәсібін ашып отырған оның сүйікті ісін тастау туралы тіпті ойына келмепті», - деп жазады «Не хабар». Расында етікшілік - Амантайдың сүйікті кәсібіне айналған екен. Жоғары білімі бола тұра осы кәсіпті таңдаған ол тапқан қаржысына көрші елдерден, яғни Ресейден, оның ішінде Самарадан, Саратов, Астраханнан, сондай-ақ, Алматыдан шикізат әкеледі. Сосын сапалы аяқ киіммен айналысады. Тауары да халықтың сұранысына ие.

Бұл не деген батпан құйрық? - «Дидар» газеті
 


Мәселесі Мәжілісте айтылып, депутаттар да дүрліккен қаржы пирамидасы туралы Шығыс Қазақстан облысының «Дидар» газеті жазады. Шындығында «қайтсем тез байып кетем» дегенді есінен шығара алмайтындар үшін қаржы пирамидасы өте қауіпті. Облыстық газеттегі шолу да осындай қаржылық сауаты төмен азаматтарға үндеу іспеттес. «Өскемен қаласында Questra World деп аталатын, түп негізі шетелдік компания бар. Онымен еншілес Atlantic Global Assent деп аталатын, инвестициялық деп айдар тағылған тағы бір компаниясы бар. 2016 жылдан ресми тіркеліп, қызметін бастаған. Жұмыс істеу тәсілдері - қысқаша түсіндірсек, азғана салым салу арқылы, жоғары пайыздарға ие болып, аз ғана уақыттың ішінде адам айтса сенгісіз, мол пайдаға кенелесіз. Адамдардың бұған тез сеніп қалуының тағы бір сыры, ғаламторда бұл шетелдік компания жетістіктері туралы өте мол ақпараттар берілген және аз ғана ақшамен зәулім сарайларға, қымбат көліктер мен қайықтарға ие болған адамдар туралы мәліметтер орналастырылған. Бұл шынымен де солай ма? Өкінішке қарай, жоқ, әрине!», - деп жазады «Дидар» газеті.

Айта кетерлігі, мақалада жазылғанындай дәл осындай компания Семей қаласында да жұмыс істеп жатқан көрінеді. Қазақстанда тіркелген компания тіпті «юкаш» аталатын өз ақшасын да ойлап шығарған. Бір юкаш - 350 теңге екен. Айтқандарына сенсең, ары қарайғы байлығыңды осы юкашпен еселей бересің. Биыл сәуірде Семейге жеткен, адамдарды оңай жолмен ақша табуға үгіттегендер бір айдың ішінде ғана қарамағына 10 мыңнан аса адамды тіркеп үлгерген. Яғни, осыншама адамның әртүрлі дәрежедегі салымдары компания шотына түскені даусыз.

«Бұдан он-он бес жыл бұрын да мұндай жағдайлар кездескен. Алайда, соларды насихаттаған бірде бір адамның байып кетпегенін көріп жүрміз. Ендеше, кезекті рет алдануға ұшырап қалудан абай болайық. Бір сөзбен айтқанда бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?», - деп түйіндейді газет тілшісі.

Соңғы жаңалықтар