Лос-Анжелесте Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы 19-23 қараша аралығында АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында Қазақстан  мәдениеті мен киносының күндері өтпек. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының мәдениеті мен киносының күндерін АҚШ-та өткізу америкалықтардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Сонымен қоса, бұл Қазақстан мен Американың мәдени байланысының жаңа кезеңі болмақ. Қазақстан Республикасының мәдениеті мен киносының күндері АҚШ-та  бірінші рет өткізіліп жатқан жоқ. Десе де,  бұл іс-шара екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас тарихында қалатыны  сөзсіз. «Spirit of the Great Steppe» - «Ұлы Дала Рухы» атты шарамыздың  көздеген мақсаты - америкалық көрерменді  Қазақстанның бай ұлттық - мәдени мұрасымен таныстыру», -  деп келтіреді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөздерін ведомствоның баспасөз қызметі.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін АҚШ-тағы мәдениет және кино күндері 20 қараша күні Сабан театрында режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» көркем фильмімен ашылады. Көрсетілім аяқталғаннан кейін, халық әртісі  Айман Мұсақожаеваның, халықаралық байқаулардың лауреаты Еділ Құсайыновтың, Қазақ Ұлттық өнер университеті Еуразиялық симфониялық оркестрінің, «Шабыт» және «Айгөлек» атты ансамбльдердің қатысуымен үлкен концерт өтеді.

Сондай-ақ шара аясында «Қыз Жібек», «Балалық шағымның аспаны» ,«Қазақ хандығы. Алмас қылыш»  картиналары көрермен назарына ұсынылады. Аталған фильмдер қазақ тілінде ағылшын субтитрларымен көрсетіледі.

Шараны Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясы бірлесіп ұйымдастырмақ.

Соңғы жаңалықтар