Лондонда жұдырықтасатын «Арландар» белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында (WSB) өнер көрсетіп келе жатқан «Астана арландары» сапында жартылай финалда «Бритиш Лайнхратс» командасымен қарымта кездесуге шығатын боксшыларымыз анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен сенбі күні Қостанай қаласында өткен алғашқы кездесуде қарсыластарын 4:1 есебімен ойсырата жеңген «Арландарымыз» екінші кездесуін сырт алаңда, яғни  Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында 8 маусым күні өткізеді.

Бұл күні шаршы алаңға отандастарымыз арасынан 52 келі салмақта Олжас Сәттібаев, 60 келі салмақта Зәкір Сафиуллин, 69 келі салмақта Асланбек Шымбергенов, 81 келі салмақта Арман Рысбек және аса ауыр салмақта Нұрсұлтан Аманжолов ел намысын қорғамақ.

Ал жергілікті боксшылардан төменгі салмақтан жоғары қарай реті бойынша Дин Фарелл, Чад Милнс, Кумар Манодж, Томас Уитаккер-Харт және Патрик Майлата есімді боксшылар шаршы алаңға шығады деп күтілуде.

Қос команда арасындағы айқас Астана уақытымен 01:00-де басталады. «Арландар» қарсыластарын ұтатын болса финалға жолдама алады. Егер екі команда екі кездесудің қорытындысы бойынша тең нәтиже көрсетсе, жеңімпазды қосымша 52 келі салмақта сынға түсетін боксшылар анықтайды. Бұл салмақта қазақстан намысын Анвар Мұзапаров қорғамақ. Жеңімпаз алдын ала белгіленген жағдайда, Анвар Мұзапаров шаршы алаңға шықпауы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар